Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда қалалық «Жастар» театрының «Еңлік-Кебек» трагедиялық қойылымын көріп отырып үлкен ойға шомдым. Шығарма желісінде Матай мен Тобықты руының арасындағы жер дауы, жесір дауына ұласады. Сыбан еліне атастырылған Еңлікке Тобықтының хас батыры Кебек ғашық болады. Оқиға барысында Еңліктің күйеуі оқыс жағдайда қайтыс болып, оны қайынағасы Есен әмеңгерлік жолмен жар етуді көздейді. Алайда бірін-бірі құлай сүйген Еңлік пен Кебек қосылып, елден қашып кетеді. Екі тараптың билері ұзақ дауласады. Ақырында, екеуін өлім жазасына кеседі. Еңлік пен Кебек өз махаббаттары үшін күресіп, бірге қаза табады. Яғни спектакльдің негізгі идеясы қазақ қоғамындағы әйел теңдігі, руластар мен рухтастар қақтығысы, махаббат және салт-дәстүр ұстанымдарына негізделгенін түсінесің. Демек теңдік деген ұғымның таразысы тарих бедерінде-ақ шайқалғанын байқаймыз. Қазақтың қанына сіңген мыңжылдық дәстүрі мен заманауи ұғымның қайшылығы жаңа терминдердің тайталасын туғызуда. Сол себепті гендер мәселесіне жан-жақты ойлану қажет.

Әуелі «гендерлік саясат дегеніміз не?» деген ұғымға ұғынықты жауап іздеп көрейік. Бұл – әйелдерді ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық- зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу. Еліміздің саяси қағидаты бойынша да ерлер мен әйелдерді қоғамның барлық саласында теңестіру қарастырылған. Демек ерлер мәселесі де назардан тыс қалмайды. Бірақ заңның тұманды, баптардың күмәнді тұсы аз емес.

Әйел жанып жатқан отты, шауып келе жатқан атты тоқтатпайды

Гендер – қоғамдағы адамның жүріс-тұрысын анықтайтын әлеуметтік сала. Ол биологиялық айырмашылыққа емес, қоғамның әлеуметтік ұйымына бағынышты ерлер мен әйелдер қызметінің теңдігін белгілейді. Гендерлік саясат әйелдерге тең қол жетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі керек. Отбасының тізгіні ер адамға жауапкершілік ретінде жүктеледі. Еркектер әйелдерге пана, қамқор, басқарушы. Сол басқарушылықты дөрекілікке, қамқорлықты жалқаулыққа айналдырмаса дейсің. Өйткені, елімізде әйел адамның бәрі бірдей өз құқын біліп, қорғай бермейді. Зорлық- зомбылықтың құрбаны болатыны да сол себептен. Ең бастысы әйел адамның туа бітісі нәзік жан екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстанда демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің үлесіне баға жетпейді, себебі, балалардың туылуы, олардың тәрбиесі әйелдердің мойнында.

Гендерлік саясатты дамыту, әйел мен еркектің теңдігі мәселелерін жолға қою ісі айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем» деп елірте беру емес. Бұлай түсіну қисынсыз. Кейбір әйел заты қиындыққа шыдамай, еркекше шылым шегіп, шарап ішіп, өмірін өксітіп жатады. Бұл, әрине, біздің қазаққа жат қылық. Бірақ гендерлік саясат стратегиясынан отбасындағы тепе-теңдік пен үйлесімділік, яғни гармония жоғалмайды. Ал үйлесім таппағандар тек өзіне өкпелеуге тиіс. Қазақтың есті әйелінің бейнесі бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткенде ғана нұрлана түспек.

Саяси көзқарасқа оралсақ, қоғамдық өмірдің барлық саласында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызметті гендерлік саясат дейміз. Әйел құқығы – ол адам құқығы. Бұл теңдік әйелдердің әлеуметтік, экономикалық, мәдени, азаматтық және саяси мәртебесін белгілейді. Алайда бұл әйел «шауып келе жатқан атты да тоқтатады, жанып жатқан үйге де енеді» дегенді білдірмейді. Ең алдымен, ол – бүгінгі күні ескірген түсінікті өзгертетін және ерлермен тең дәрежеде өз мақсаттарына лайықты қол жеткізуші адамзаттың тамаша жартылысы.

Қазақ әйелдері қалай өзгерді?

Тарих пәнінің мұғалімі Динара Скабаеваның «Алаш айнасы» газетіне жарияланған мақаласын он жыл бұрын қиындылар арасынан оқып отырып таң-тамаша болғанмын. Онда «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйелдер мен ерлердің әрқайсысының өз рөлдері болады. Көшпенділер мәдениетінде ерлер мен әйелдердің міндеттері бөлінді. Әйелдердің рөлі бала тәрбиелеумен, үй шаруашылығын жүргізумен қатаң шектелген. Мысалы, неке дәстүрінде әйелдердің күйеу таңдауға мүмкіндігі болмаған. Күйеуі өлсе, басқа күйеуге шыға алмаған, ол марқұмның інісіне немесе ағасына қосылуға міндетті болған. Көшпелі мәдениеттің дағдарысқа ұшырауына байланысты ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда жаңа қоғамдық қозғалыс пайда болды. Ұлтшыл Алаш қозғалысы Қазақстанның қоғамдық өмірінде өшпестей із қалдырды. 1917 жылы Орынборда өткен Алаш Орданың кон- ференциясы әйелдердің қоғамдағы өмірі туралы шешім қабылдап, мынадай тұжырымдарға келді:

  • әйелдер мен ерлердің саяси құқықтары тең болуы керек;
  • әйелдер өздеріне серігін таңдауға ерікті;
  • некеге тұру жасы 16-ға дейін ұзартылуы;
  • молданың 16-ға толмаған қыздың, 18-ге толмаған жігіттің некесін қиюға құқығы жоқ;
  • неке екі жақтың келісуімен қиылады;
  • жесір әйелдерді күйеуінің туысқандарына зорлап қосуға болмайды;
  • бірінші әйелі келісім бермесе, екінші әйел алуға болмайды» – деп жазылған еді.

Байқауымша, конференцияда ұсынылған идеялар ол заманда әйелдердің тығырықтан шығатын басқа жолы болғандығын көрсетеді. Ескі салт-сана мен әдет ғұрыптың күйрей бастағаны, әйел рөлінің өзгергені осы тұста көрінді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ қоғамы әйелдер мәселесін жаңа заман талабына орай жаңаша қырынан көтере бастады. Нәтижесінде саяси, қоғамдық және экономикалық жағдайлардың ерекшелігі ескеріле отырып, 1998 жылы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия құрылғаны белгілі. Нарықтық экономикаға көшу көптеген адамды тығырыққа тіреді. Әйелдер жүгі ауырлады. Отбасын асырау, бала-шағаға қамқорлық, үй шаруасы – осының бәрі ерлерге қарағанда әйелдердің мойнындағы жауапты іс еді. 2004 жылы еңбекпен қамту қызметтерінде жұмысқа орналасу мәселелері бойынша келгендердің ішінен әрбір алтыншы әйелге ғана жұмыс берілген екен. Қазіргі таңда әйелдер денсаулық сақтау, білім беру және сауда сияқты белгілі бір салада шоғырланған.

– Қазақ әйелі туралы сөз қозғау әрі оңай, әрі қиын. Өйткені әйел – біздің анамыз, әйел – біздің әпке, қарындасымыз. Әйел бізге тоғыз ай, он күн толғатып, «тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп» өмір сыйлады. Кешегі қазақ әйелі дәстүрлі мәдениеттің бесігінде тербеліп, қайнарынан қанып ішкен. Қоғамдағы өз орнын жазбай танып, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне көтеріле білген.

Қазіргі арулар да түнгі клуб жағаламай, сыра ішіп, әр мейрамхананы араламай тектілік тұғырынан түспесе заңмен емес, ер азамат табиғи заңдылықпен-ақ әйелді құрметтері сөзсіз, – дейді психолог С.Әбдірахманова.

Болмыс қайшылығы

Қазақ үйдің қабырғасына сес болсын деп қамшы іліп қояды. Оның мәнін әркім әртүрлі айтады. Қазақтың болмысындағы төрт әйел алу ұғымы дін мен дәстүрден тамыр тартқаны белгілі. Бұл үрдістің өзі қазір некен-саяқ. «Гендерлік саясат уақыт қалыптастырған болмысқа қайшы ма?» деген сұрақ туындары сөзсіз. Әйелден өзін биік ұстау қазақ ер азаматтарының қанына сіңген қасиет десек кім қолдап, кімнің қарсы шығары тағы да беймәлім.

– Ер адам проблема тудырады. Әйел проблема көтереді. Әйел адамның уайымдауы еркекке қарағанда 4 есе жоғары. Мысалы, ер адам бір проблема тудырады. Бірақ оның салдарын елемеуі мүмкін. Әйел адам соны 4 есе ұлғайтады. Оны кикілжіңге айналдырады, ол жанжалға ұласады. Өз бетінше шешім іздей бастайды. Екіншіден, ер адамның жауапкершілігінде. Батыста – отбасына 50 пайыз еркек, 50 пайыз әйел жауапты. Батыс психологтары осыны ұсынады. Жауапкершілікті екеуіне тең бөледі. Одан шығатын түйін – ер мен әйел адам бірдей. Шығыс менталитетінде отбасында әйел мен ер адам бірдей бола алмайды. Біздің таным-түсінігімізде отбасында ер адам бір сүйем жоғары болуы керек. Біз оның статусын көтереміз, көбірек жауапкершілік жүктейміз. Біздің практикамызда отбасы бақытына еркектің жауапкершілігі 90 пайыз, әйел адамдыкі 10 пайыз. Ер адам – стратег. Зерттеу бойынша көптеген компаниялардың банкротқа ұшырау себебі көмекшілері, менеджерлері, орынбасаларларының кесірінен емес, старатегияның дұрыс қойылмауынан болады. Старатегияны әрдайым бір кісі ғана қояды, компанияның негізін қалаушы. Ер адам отбасының даму бағыт-бағдарын, стратегиясын дұрыс қойса, орынбасары ретінде әйел адам реттеп отырады. Көп ретте ер кісілер дұрыс стратегия қоя алмайды, отбасына 90 пайыз құзырсыздық әкеледі, – дейді отбасы психологі Ержан Мырзаев.

Түйін. «Кемел адамның» авторы Қайрат Жолдыбайұлы ер мен әйелді аяқ киімнің екі сыңарына теңеген еді. «Аяқ киімнің жұбы тең болғанымен бірдей емес. Оңын сол аяғыңа, солын оң аяғыңа кие аласың ба? Кие алмайсың. Күштеп кисең аяғыңды ауыртып, екі басы екі бағытқа қарап тұрады. Бұлай ұзақ уақыт жүре де алмайсың. Әйелден еркек жасау да солай. Әйел мен еркек тең бе? Тең! Бірақ бірдей емес» – дейді ол.

Дінтанушы ер мен әйелдің болмысына сай мінезі мен міндеті тура- лы да болатынын атап өткен. «Әйел баласы бала тапса, табиғатына сай аналық міндетін атқарғаны емес пе? Әйел күйеуіне дәмді тамағын ұсынып, киімін жуып, жағдайын жасап жатса, мұны кем болғаны үшін емес, ерін, балаларының әкесін құрмет тұтқаны үшін жасайды. Отбасы жылуын арттыру үшін істейді. Еркек пен әйел еш айырмашылықсыз бірдей болғанда, Алла еркек-әйел деп бөліп жатпай бір ғана жаратылыс жасар еді», – дейді ғалым.

Демек гендерлік саясатты отбасы дейтін әр мемлекет жеке заңнамасы бойынша түсіне білгені жөн. Төрт әйел алу қанымызда бар қасиет деп төрткүл дүниеге көз тастап емес, төрт қабырғаға телмірген қабырғаңнан жаратылған жанның қадірін білген абзал. Ал нәзік жандар құрметіне қарай азаматтың абыройын асқақтата берері сөзсіз!

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!