Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
Генетика және физиология институтында қазақтың құмай тазысы мен төбеті қалай зерттеліп жатқаны айтылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мамандар таза тұқымды тазы мен төбеттің ұрық жасушасын сақтап қалу жолдарын қарастырып жатқанын айтты.
«Жеті қазынаның бірі тазыға қатысты ауқымды зерттеу жүргізуіміз керек. Болашақта археологтармен жұмыс істеу ойда бар, заманауи иттермен салыстырғымыз келеді. Себебі тазыға ұқсас ежелгі иттердің сүйектері табылды. Тазыға жақын болуы мүмкін ежелгі иттерді зерттеп қарадық. Генетикалық тұрғыдан таза тазы оңтүстік өңірде деген болжамға келдік, алайда иттер нақты қай жерде пайда болғаны туралы әлі ешкім зерттеген жоқ. Тазыға ұқсас иттердің суреттері тастарда қашалған», – дейді Генетика және физиология институтының басшысы Гүлнұр Жүнісова.
Ғалымдар төбетке қатысты да зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
«Біз төбет жүнінің морфологиялық және морфометриялық құрылымын зерттеумен айналысамыз. Әлі зерттеп жатырмыз, жобаның іске асырылып жатқанына 2 жыл болды. Бір қызығы, елімізде Hair identification key әдісімен әлі ешкім жұмыс істеп көрмеген. Біз шетелдік мамандармен жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы иттің жүнін, түгін жан-жақты зерттейміз. Оның өзегі, қабығы қаралады. Жүннің ұзындығын, қалыңдығын қараймыз. Оның бәріне назар аударамыз. Зерттеуге 200-ден аса үлгі алынды. Төбеттің жүнін басқа да иттердің жүнімен салыстырамыз. Бір қызығы, олардың жүнінің ирелеңдеген, яғни бұйра, тіске ұқсас, тізу болып келеді», – дейді Жануарлар генетикасын зерттеу лабораториясының маманы Айдана Бекетаева.
Еске салайық, бұған дейін Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитеті қазақ тазысын («Kazakh Tazy») ресми түрде ит тұқымы деп алдын ала тану туралы шешім қабылдаған еді. Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді.
Айта кетейік, қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап ҚР Президенті Іс басқармасының қарауына алынған болатын. Өкілетті орган ретінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі белгіленген.
Өткен 2 жыл ішінде осы бағытта елеулі жұмыс атқарылды: тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді, тазы стандарты бекітілді, ғылыми-зерттеулер жасалып, асыл тұқымды иттердің байқаулары мен көрмелер өткізілді.
Ит тұқымын Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) толыққанды мүшесі саналатын Ұлттық кинологиялық ұйымдар арқылы ғана тіркетуге болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!