15 сәуір – Ғашықтар күні. Атауын естісең, жүрек шым ете қалады, көз алдымызға бір-біріне ынтыға қараған қос ғашық елестейді. Алайда осы бір күннің атауы атүсті емес пе? Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Төлеген мен Жібек – аңыздан жеткен есіл ерлер мен аяулы арулар. Алайда назар салып қарасақ, тарихта есімі жиі аталатын ғашықтардың көпшілігі қосылмаған. Кейбіреуінің махаббат хикаясы баянды, бақытты ғұмырмен емес, мұңды оқиғамен аяқталған. Біз неге ғашықтар мерекесін қайғы мен қасіретке оранған тағдырлар арқылы атап өтеміз?

Қазақ тарихында ғашығына қосылған, сүйіспеншілігін шын өмірде дәлелдеген жұптар мүлде болмаған деп айту қате. Өткенге үңілсек, тағдыры тәлкекке түскен Төлеген мен Қыз Жібек туралы, трагедияға толы Баян сұлу мен Қозы Көрпештің махаббат хикаясын «пір» тұтамыз. Дегенмен бір шаңырақ астында ғұмыр бойы бір-біріне сүйіспеншілікпен қарап өткен ерлі-зайыптылар – нағыз махаббаттың иелері емес пе? Алайда біз солардың есімін ұлықтаудан гөрі, қосыла алмаған жұптардың есімін аспандатуға үйірміз.

ҒАШЫҚ БОЛУ – СЫЙЛЫҚ БЕРУ ЕМЕС

Бүгінде 15 сәуір жақындаса гүл сататын дүкендерге кезек көбейіп, базар сөрелері жүрек пішіндегі шоколад пен ойыншыққа толып шыға келеді. Жастар бір-бірінен асып түскісі кеп, түрлі тосынсый ұйымдастырумен әлек. Тіпті әлеуметтік желіде кім не сыйлады, кімге не тарту етті – соның есебін беріп жатқандаймыз. Махаббат бәсеке ме еді? Сыйлықпен жарысып, сезімнің құнын материалдық затпен өлшейтін болдық. Махаббатты ақшаға теңеу – оның қасиетін кеміту емес пе?

Ғашықтық – жанның ішкі толқынысы, жүректің лүпілі. Ол – шынайы сезімді сөзбен, іспен дәлелдеу. «Махаббат – мөлдір бұлақ, тұнығын лайлама» демеуші ме еді бабаларымыз? Ал біз ше? Бір- бірімізге айтар жылы сөздің орнын айфонмен, алтын жүзікпен, шетелдік саяхатпен алмастырып жібердік. Тіпті «Сені жақсы көремін» деген сөздің құндылығын ұмытып бара жатқандаймыз.

Бұл күннің тағы бір тұсы – сыйлық алмаған жанның ішкі күйі. Қоғам әлдеқашан махаббатты көрсетудің өлшемін қымбат сыйлықпен байланыстырып қойған. Ал ол сыйлыққа қолы жетпеген, ешкімнен ерекше ілтипат көрмеген жан не күй кешеді?

Жүрекке түрпідей тиеді. «Мен сүйкімсізбін бе?», «Менің махаббатқа лайықты болмағаным ба?» деген түрлі қатігез ішкі сауалдар – психологиялық күйзелістің басы. Күйзеліс демекші, бұл күн кейбір жастар үшін жалғыздығын еселейтін, өзін қажетсіз сезіндіретін ең ауыр күнге айналып барады. Себебі олар махаббатты жарқыраған құтыдағы сыйлықпен, Instagram-дағы Stories-пен өлшейді. Ал бұл – санаға түскен сызат.

МАХАББАТ МҰҢ ЕМЕС, БАҚЫТ…

Біріміздің тағдырымызға айналған жанды жариялау міндет емес. Ғашық болу – ішкі күй. Ол – қос жүректің үндестігі, қос жанның үйлесімі. Қозы мен Баян қосылмағанымен, олар шын сүйді. Бірақ бізге енді қасіретті тағдырларды емес, қол ұстасып, өмір бойы бірге жүрген, отбасын құрып, ұрпақ сүйген, бір-бірінің көзінен өмірінің мәнін тапқан жұптарды насихаттауға бейімделуіміз керек. Жаңашылдыққа қадам басу – өткенді ұмыту дегенді білдірмейді. Мұны жақсылықтың нышаны деп қабылдағанымыз жөн болар.

Ғашықтар мерекесі – махаббаттың мерекесі. Ол қымбат сыйлық пен сыртқы жарнамамен емес, шынайы ықыласпен, жүректен шыққан сөзбен, жан дүниенің тебіренісімен өлшенуі керек.

Қорытындылай келе, Қозы мен Баянды дәріптегеніміз – махаббатты мойындау емес, оған жете алмаған тағдырларға тағзым ғана. Бізге енді «махаббат – мұң» емес, «махаббат – бақыт» екенін ұғынатын кез жетті.

«Сүйе білу – өнер, сүйгеніне лайық болу – өнеге» дейді халық. Ендеше, махаббат күнін мақтану емес, шынайы сезімді бағалау күніне айналдырайық. Сыйлық емес, сенім сыйлайық. Көзбен емес, көңілмен сөйлейік. Сонда ғана бұл мереке – ессіз жарыстың емес, есті махаббаттың мейрамы болмақ.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!