Ерте заманда бір аңшы өмір сүріпті. Оның сұлу да ақылды әйелі болыпты. Екеуі өте жарасымды жұп екен, тек бір өкініштісі әйеліне күйеуінің аңшылық ісі ұнамапты. Себебі аңшының әйелі Раяна табиғатты, аңдарды, ән салатын әдемі құстарды – бәрін жақсы көреді екен.
Ал оның күйеуі болса мергендігін мақтан тұтып, әрбір атып алған елігін, аң-құсын қымбат бағаға сатып, байығанның үстіне байи түсіпті. Әйелі өлтірілген жануарларды аяп, көз жасын төгумен болады. Күйеуіне қанша жалынса да, ол аңшылық ісін қоймады. Күйзеліске түскен Раяна болса күннен-күнге солған гүл секілді өңі қуарып, түрі қаша бастады.
Ақыры бір күні ғажайып құбылыс болып, Раяна бу секілді аспанға ұшып жоқ болды. Кенеттен сүйіктісінен айрылған аңшы қайғыға түседі. Бойын ашу кернеп, әйелінің құпия түрде жоқ болғанына ызаланған кезде тау кезіп, аңшылыққа шығады. Осындай күндері бейкүнә жануарлар мен құстарды үлкен-кішісіне қарамай жайратып салады. Ол әрбір сұлатқан жануарды көргенде, ішкі дерті басылғандай күй кешіп, масаттана түседі.
Күндердің күнінде өз елінен тысқары жердегі ну орманның ішінде сұлулығы ерекше кермаралдың пайда болғанын естиді. Есіл-дерті тұзаққа түсіру болады. Жолдың алыстығына, күннің ыстықтығына қарамай жолға шығады. Неше күн жол жүріп, ну орманға келеді. Орман ағаштардың иісі, ағаштардың аспанмен тірескен биіктігі өз еліндегідей көрінді. Еш өзгешелік жоқ секілді. Жан-жағын бақылап, сақтықпен қарай бастады. Кермарал өте сақ жануар, оны үркітіп алмайын деп аяғын санап басып, жай қимылдап ілгері жүре бастады. Кермаралдың терісі де, еті де құнды бағаланатынын есіне түсірсе, тағы да алтын теңгелер алатынына қуана түсті. Мұрнын қарағай инелерінің иісі жарып барады, кенет бір әдемі әуен естілді. Аңшы тұра қалып тың тыңдай бастады. Әуен ешкімнің, ештеңенің даусына ұқсамайды. Аңшы түсіне алмай дел-сал күйде қатып қалды. Бір мезет алыстан шыққан әсем әуен сүйіктісі Раянаның тәтті күлкісіне де ұқсап кетеді. Не деген ғажап? Бұл не? Бұл кім?
Дыбыстың кімге тиесілі екендігін білгісі келген аңшы тәтті қиялдың құшағында дауыс шыққан жаққа қарай жүре берді. Бір сәтте алдынан сұлу кермарал көрінді.Оның сұлулығы аңшыны баурап алды. Ол жансыз ескерткіш құсап мелшиіп тұрып қалды. Кермаралдан көзін алмайды. О, ғажап! Бір сәтте сол маңайда ерекше аспапта ойнап отырған сұлуды көрді. Бет-жүзі бұлыңғыр тартып, түрі анық көрінбейді. Десе де сол бұлыңғырлықтың астарынан да қыздың сұлулығы адамның көзінің жауын алады. Аңшы мелшиіп, мылқау жан секілді қатып қалады. Сол кезде сұлу қыз бірінші боп тіл қатады. Даусы да өте таныс, өте нәзік әрі жақын.
«Мұнда неге келдің? Кімсің?» – деп сұрады сұлу. Тағы да бірдеңелерді айтқандай болды. Тек оны естуге де, түсінуге де аңшының мұршасы болмады. Ол ерекше бір күйге еніп тұрған еді. Тек аздаған уақыттан соң құстардың сықылықтаған даусы құлағының дәл түбінен шыққандай, шырт ұйқыдан селт етіп оянғандай болды.
– Ал, неге келдің?
– Мен осы жақта сұлу кермарал бар деп естідім. Оның еті де, терісі де өте құнды деген соң, соны атып алғалы келдім, – деді аңшы.
Сонда бейтаныс қыз сен ол кермаралға тиме, жануарларды бұдан былай атпа, кәсібіңді өзгерт деп жалынышты үнмен айтты. Бүгін үйіңе қайт, ертең кел, сен үлкен сынақтан өтіп жатсың, өзіңе бекем бол деп сұлу қыз ғайып болды.
Сол мезетте өзінің Раянасы да осылай ғайып болғаны есіне түсіп, әлде осы сұлу өзімнің Раянам ба деген үміт оты жылт етті. Сұлудың тілін алып, үйіне қайтып кетті. Ертесіне тағы келіп, сұлуды іздей бастады. Бірақ таба алмады.
Кенет дәл алдынан кермарал жүгіріп шықты. Ол кешегі сұлудың енді жануарды атушы болма дегенін ұмытып кетіп, кермаралды жайратып салды. Байғұс жануардың аянышты ышқынған дауысы шықты. Аңшы қасына жетіп барды. Аңшының қуаныштан көзі оттай жанып тұрды. Кенет аңшының көзі кермаралдың көзіне түсті. О, сұмдық бұл аңшының сүйіктісі Раянаның көзі. Бірте-бірте кермарал Раяна кейпіне енді.
Қансырап жатқан Раяна сен сынақтан өте алмадың дегендей, соңғы рет аңшыға мұңлы көздерімен бір қарады да мерт болды. Сол сәтте қандай қателік жасағанын түсінген аңшы ауыр күрсініп, көз жасына ерік берді. Сол күннен бастап аңшы есі ауысқан кісіше орман-тоғайды аралап, кермаралды іздеумен өмірден өткен екен.
Рахима АХМАДУЛЛА,
№5 И.В.Панфилов атындағы мектеп-лицей оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!