Фото: egemen.kz

Ғылымның көмегімен бір кездері адамдар мүмкін емес деп білген идеялар іске асты. Өмір сүру сапасын жақсарту, табиғи апаттардың алдын алу да ақыл-ой иелерінің тынымсыз ізденіс, өлшеусіз еңбегімен тікелей байланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болатынын атап өтті. Президент ғылым саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, шешу жолдары жөнінде баяндады.

Әсіресе қазіргідей табиғат тосын мінез танытқанда ғылымның әлеуетіне арқа сүйейтініміз рас. Егемендік алғалы ғылымның дамуына баса назар аударылып, үздік жобаларға гранттық қаржылай көмек көрсетіліп, ғалымдардың шетелде білім алуына, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берілді. Дегенмен білікті мамандардың әлі де тапшы екені белгілі.

– Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды. Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды.

Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым, – деді Мемлекет басшысы. Сондықтан алдағы уақытта еліміз бойынша осы бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынбақ.

Жиында ел Президенті ғылым экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізуі керегін, жасанды интеллектіні жедел дамыту, университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аударуға қажеттігін, ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі өте өзекті екеніне ерекше тоқталып, алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс нақты шараларды айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару маңызды деген ұсынысты қолдайтынын және отандастарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақыратынын жеткізді.

Бүгінде дарынды жастардың өз қабілетін шетелдік ғылымның игілігі үшін пайдаланғаны көңілге алаң туғызатын. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Баянәлі Досжанов та пікір білдірді.

– Кеңеске қатысушы ғалымдардың шет елдерге кеткен интеллектуалды, ғылыми әлеуетті елімізге қайтару жөніндегі ұсынысы өте орынды. Шындығында, шет елдерде қызмет етіп жүрген ғалымдарымыздың балабақшадан бастап, орта мектепте, жоғары оқу орнында білім алуына, тұлға болып қалыптасуына еліміздің қаншама қаржысы жұмсалды, қаншама еңбек жасалып, тер төгілді. Бірақ олар әртүрлі себептерге байланысты шет елге кетуге мәжбүр. Нәтижесінде олардың бар әлеуетін, еңбегін басқа мемлекеттер өздерінің дамуына пайдалануда. Сондықтан басқа мемлекеттердегі ғалымдарымызды елге қайтару, оларға барынша жағдай жасау қажет, – деді ол.

Ұлттық кеңес отырысында ел Президенті білім саласы мен еңбек нарығын ұштастыруға ықпал ететін “Менің мамандығым – менің болашағым” жобасының жақсы нәтиже көрсетіп отырғанын, жоба аясында мамандықтар атласы әзірленіп, экономиканың құрылымы мен әр аймақтың даму үрдісі зерттелуде екенін атап өтті.

Бұл жоба бойынша жұмыстар Сыр өңірінде де іске асуда. Өткен жылы қазан айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесі ашылып, университет қызметкерлері 5 күн бойы интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтті. Әр өңірге қажетті негізгі мамандықтарды анықтауға мүмкіндік беретін жоба қазіргі уақытта еліміздің бірқатар аймағында жүзеге асуда.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!