Мектеп бітіру – әр оқушының өміріндегі ең жауапты кезеңнің бірі. Бүгінгі таңда мектеп бітіруші түлектердің алдында тұрған ең үлкен сұрақтардың бірі – «қай мамандықты таңдаймын?». Бір қарағанда, бұл әркімнің, өз еркімен қабылдайтын жеке шешімі. Алайда көп жағдайда бұл таңдау жеке кызығушылыққа емес, грант санына байланысты өзгереді.

Көп жағдайда оқушылар өзіне ұнайтын, қабілетіне сай бағытты таңдағысы келеді. Алайда статистика бойынша кейінгі жылдары талапкерлердің басым бөлігі, тіпті кейде 80-90%-ы өзінің қалауымен емес, өзгенің қалауымен және сыртқы фактордың әсерімен мамандық таңдап жатыр. Сыртқы факторлардың балаға тигізетін әсері зор. Мысалы «бастысы, тегін оку, кейін жұмыс табылады», «дәрігер бол, өлмейтін мамандық», «біз жас кезімізде бұл мамандыққа түсе алмадық, сен түс» деген сияқты түсініктер талай жастың арманын өшірді. Нәтижесінде, оқу орнын бітірген жас мамандар өз саласында жұмыс істеуге ынтасыз, кәсібіне көңілі толмайтындар қатары артып келеді. Бұл – тек жеке адамның емес, тұтас коғамның мәселесі. Себебі өз мамандығын сүймейтін адам кәсіби тұрғыда толық дамымайды, ал елге сапалы маман жетіспейді.

ҰБТ-ға дайындық барысында талапкерлер жиі жіберетін қателіктердің бірі – көптеген жас мамандықты өз қызығушылығына емес, таңдаған пәніне қарай бейімделуі. Өз шешімін дербес қабылдамай, достарының таңдауының соңынан еруі. Жасөспірім кезеңде құрбы-құрдастың пікірі ерекше мәнге ие болғандықтан, кейбір оқушылар болашақ мамандығын да соларға қарап айқындайды. Алайда мұндай қадам жеке қызығушылық пен қабілетті ескермеуге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ достарымен бірге бір оқу орнына түсу ниеті уақытша эмоцияға негізделуі ықтимал. Ал мамандық – өмірлік таңдау екенін ескерсек, оны тек ортадан ажырап қалмау үшін таңдау дұрыс шешім бола бермейді. Сондықтан әр талапкер өз болашағына жауапкершілікпен қарап, шешімді жеке мақсаты мен мүмкіндігіне сүйене отырып қабылдауы тиіс. Бұл туралы кәсіби профориентолог Омарбек Көшкімбайұлы «Мамандық таңдауды 9-сыныптан бастап саналы түрде таңдауға әрекет жасау қажет» деп пікір білдірді.

Сонымен қатар ата-ананың мамандық таңдауда ықпалы өте жоғары. Баланың оқуға деген ынтасын арттыруда, психологиялық тұрғыдан демеу көрсетуде үлкен рөл атқарады. ҰБТ сияқты маңызды кезеңде олардың қолдауы баланың стресс деңгейін төмендетіп, жетістігін арттыруға әсер етеді. Көп жағдайда ата-аналар өздерінің орындалмаған армандарын балалары арқылы жүзеге асырғысы келеді. Бұл ниет сырттай қарағанда қамқорлық пен жанашырлықтай көрінгенімен, шын мәнінде баланың жеке қалауына қайшы келуі мүмкін. Әр адамның өмір жолы мен қызығушылығы әртүрлі екенін ескерсек, ата-ананың арманы мен баланың арманы үнемі сәйкес келе бермейді. Баланың болашағын өз мақсатымен байланыстыру оның дербес шешім қабылдауына кедергі келтіреді. Сондықтан ең дұрыс ұстаным – баланың қабілеті мен бейімін ескере отырып, оған бағыт-бағдар беру, бірақ таңдау еркіндігін шекте- меу. Өйткені шынайы табыс өз жүрек қалауымен таңдалған жолда келеді.

Қорытындылай келе, мамандық – тек күнкөріс көзі емес, адамның өмірлік жолы. Сондықтан әр жас өз болашағын таңдағанда, гранттың көптігіне, ата-ананың пікірімен емес, өз арманы мен қызығушылығына сүйенуі керек. Себебі сүйіспеншілікпен істелген еңбек қана адамды шын бақытқа жеткізеді.

Арайлым СӘУЛЕБЕКОВА,
Абай атындағы ДБА
мектебінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!