Соңғы екі-үш жылда шетелден көлік тасымалдау сәнге айналды. Әсіресе, көліктер іргелес жатқан Грузия, Армения, Әзербайжан елдерінен тасымалдануда. Мұның ішінде Грузиядан келетін көліктердің саны басым. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қызығушылыққа Украинадағы жағдай мен Ресейге қарсы қабылданған санкциялар себеп. Жалпы 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан аумағына 4 157 автокөлік құралын әкелген. Бүгінде оның 2130-ның елімізде уақытша жүру мерзімі өтіп кеткен екен. Бұл мәселеге мемлекет бейжай қарамай, қадалауға кіріскен сыңайлы.
Көліктердің елге кіргізуге түрлі айла-тәсілдері көбейген. Соның бірі шетел азаматтары өз көлік құралдарын әкелгеннен соң Қазақстанда біраз уақыттан кейін кетіп қалатыны байқалуда. Олар негізінен Грузия мен Әзербайжан азаматтары. Осы әрекеттер негізінде ойға келетіні бұл көлік құралдары қандай да бір кедендік баж бен салықтарды төлеусіз тіркеуге қойып және Қазақстан азаматына тапсыру мақсатында ЕАЭО аумағына әкелінеді.
Бір ғана айғақ, Маңғыстау және Түркістан облыстары бойынша мемлекеттік кірістер департаменті кедендік алымдарды және салықтарды төлемеген автокөлік құралдарына байланысты 230 хабарлама тіркеген. Аталған аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттері 2021 жылдың 30 қыркүйегінен кейін шығарылған 300 автокөлік иелеріне 6,6 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салған.
Заңгер Айдос Ибраймовтың айтуынша, елімізде Грузиядан әкелінген көліктерді жүргізуге болмайды.
Соңғы уақыттарда елімізде Грузиядан әкелінген көліктердің саны көбейді. Осы көліктерді ҚР аумағында жүргізуге бола ма деген сұраққа заңгер жауап берді.
Кеден одағынан тыс мемлекеттерден әкелінген көліктер Қазақстанда ресми түрде тіркелмесе, жүруге болмайды.
– Грузия автокөлігімен Қазақстан азаматы Қазақстан аумағында жүре ала ма деген сұрақты жиі қояды. Егер азаматтарымыз, яғни Кеден одағынан тыс мемлекеттерден, соның ішінде Грузиядан көлік сатып алып, оны кедендік рәсімдерден өткізбесе, елде жүргізуге болмайды. Көшеде жүргенде көлігіңізді кеден қызметкерлері тоқтатып, арнайы тұраққа қояды. Бұл заңды, – деді Айдос Ибраймов.
Демек Грузиядан әкелінген көліктерді ел аумағында жүргізуге болмайды. Арнайы тексеру шаралары кезінде көліктер тәркіленуі мүмкін.
Ал Auto ray көлік қызметінің жетекшісі Айдос Жүнісов бұл жағдайға мүлдем келіспейді. Өйткені Грузиядан келетін көліктер заң жүзінде елімізге кіретін көрінеді.
– БАҚ беттерінде елге кіріп жатқан көліктердің мәселесі жарыса жазылуда. Дұрыс, заңсыз кіріп жатқандарына шектеу қою қажет. Бірақ көлікті заңды жолмен тасымалдаушыларға кесірі тимесе екен деймін. Мысалы, көлікті елге кіргізу үшін де утилизациялық алымнан бөлек мың-сан төлем төлейміз. Оның барлығы не үшін төленетіні түсініксіз. Атап айтсақ, кедендік алым көлік бағасының 15 пайыз НДС 12 пайыз төлемін алады. Сондай-ақ 2015 және 2019 жылы шығарылған көліктер үшін бастапқы тіркеу жарнасына 500 МРП төлем жасауға мәжбүр боламыз.
Кәсіпкерлердің дені көлік мәселесіне байланысты ережелерге наразы. Өйткені шетелден бағасы арзан болғандықтан сол жақтан көлік әкелуге мәжбүр екенін жеткізуде.
Марат Есенов, кәсіпкер:
– Мұнда көлік сатып алуға келдік. Қазақстанға қарағанда едәуір арзан. Бұл неге байланысты? Өйткені баж салығы Қазақстанмен салыстырғанда төмен. Сондықтан осында келіп жүрміз.
Сарапшылар Қазақстан мен Грузия еркін сауда келісіміне қол қояды деген үмітте. Грузия тарапы Қытай және Еуроодақпен осындай келісімдер жасаған болатын.
Васо Урушадзе, көлік саласының сарапшысы:
– Екі ел еркін сауда келісімін жасауы керек. Бұл Қазақстанға да жақсы болар еді. Өйткені нарықты түрлендіріп, еуропалық пен америкалық көліктер секілді кез келген өнімді қиналмай сатып алуға болады. Грузияға да пайда әкеліп, реэкспорт өсіп, көлік саласы одан әрі дамитын еді. Бірақ бір мәселе бар. Ресей санкциядан жалтару үшін Қазақстанды қолданбауы қажет, яғни көліктерді Ресей нарығына шығармауы тиіс.
Мамандардың болжамынша, Грузиядан көлік реэкспорты өсе береді және жылдың аяғаны дейін 100% артатын түрі бар.
Ал кедендік мамандардың түсінгі тым бөлек. Олардың айтуынша, еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кеден аумағына үшінші елдерден уақытша әкелінген көлік құралдары өз мәртебесі бойынша шетелдік тауарлар болып саналады (яғни ЕАЭО тауарлары болып саналмайды). Сондай-ақ кедендік бақылауда болады. Жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Одаққа мүше емес мемлекетте тіркелген шетелдік жеке тұлғалардың Одақтың кедендік аумағына уақытша 1 жылдан аспайтын мерзімге әкелуіне рұқсат етіледі. Бұл ретте уақытша әкелінген көлік құралын декларанттың өзі ғана басқаруға құқылы және оны біреуге тапсыруға немесе сенімхат арқылы сатуға тыйым салынады. Уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін автокөлік құралдары ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет, ал шығып кетпеген жағдайда ЕАЭО қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады.
Грузияда автокөліктерді Армения, Украина, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінің тұрғындары да тасымалдауда. Қазақстан бұл тізімде Әзербайжаннан кейін екінші орында. Сондықтан Гүржі елінен келген көліктердің саны едәуір көп. Дей тұрғанмен заң аясы шетел көлігін еркін кіргізуге тұсау болмақ.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!