Фото: видеодан алынған скрин /Khabar
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты. Сатыбалды мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫҒА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН?
Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (бас бостандығынан заңсыз айыру), 389-бабы 4-бөлігі (өзінше билік ету), 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (қорқытып алу) бойынша сотқа тартылған. Бұл аса ауыр қылмыстар қатарына кіреді.
Ал оның көлік жүргізушісі болған Мәди Батырашев қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша айыпталып отыр.
Іс бойынша жәбірленуші – Гүлмира Сатыбалдының күйеу баласы Абай Жүнісов (ол – Гүлмира Сатыбалдының туған сіңілісінің күйеуі) 2019 жылы алты ай бойы Сатыбалдының бұйрығы негізінде үйінен шыға алмағанын айтады. Айтуынша, сол уақытта өзіне тиесілі мүлік пен активтерін Сатыбалдының сенімді адамдарының атына жазып берген.
Жәбірленушілердің қатарында Қасым және Алтай Жүнісовтер де бар.
САТЫБАЛДЫ БҰҒАН ДЕЙІН 2 РЕТ СОТТАЛДЫ
Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды қылмыстық кодекстің 28-бабы, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі 4 мамырда шықты.
Қылмыстық іс бойынша Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды, Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды. Өтебеков сот залында қамауға алынды. Олардың жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтіні айтылды.
Бұл іс бойынша Гүлмира Сатыбалды 2018-2020 жылдары «Galanz Bottlers» АҚ-ның ірі акционері болуға ұмтылып, компанияның құны 6 584 244 088 теңге тұратын акциялар пакетінің 43,25%-ын заңсыз иемденгені үшін сотталды. Ол акция Тұрсенғали Алагөзовке тиесілі болған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!