Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы бас консулы Эрик Майермен кездесті.

«Біз екі ел арасындағы 29 жыл бойы дипломатиялық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Осы жылдар ішінде екі мемлекет басшылары тиімді әріптестік және халықаралық қоғамдастықтың сенімді мүшелері қағидаттары негізінде кезең-кезеңімен жақсы қарым-қатынас құра алды. Осының арқасында бүгінде Қазақстан мен АҚШ әскери-саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық және басқа да екіжақты ынтымақтастықтың көптеген салаларында ашық және сенімді стратегиялық әріптестер болып табылады. Әлемде қалыптасқан күрделі саяси және экономикалық жағдайда екі елдің өзара іс-қимылы аса маңызды», – деді облыс әкімі.

Кездесуде өңірді дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасының жүзеге асырылуы, инвестиция тарту, экономикалық ынтымақтастық, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, экологиялық мәселелер, денсаулық сақтау саласы мен гендірлік саясат сөз болды.

Америка Құрама Штаттары Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасына қаржылық қолдау көрсеткен Дүниежүзілік Банктің ірі инвесторы болып табылады.

Іскерлік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бағытында ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қызылорда облысының ҚР мен АҚШ арасындағы тауар айналымындағы үлесі 660,7 мың АҚШ долларын құрады.Аймақ басшысы экономикалық тиімді бастамаларды қарастыруға дайын екенін айтты. Өз кезегінде Эрик Майер көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!