Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында комиссияның құрамына енгізілген өзгерістер туралы хабарлады.

Енді комиссияға облыс әкімі төрағалық етеді. Алқаның жаңа мүшелері ретінде Мақсұт Нәлібаев төраға орынбасары, Манарбек Еспенбетов жұмыс берушілердің тарапынан мүше ретінде қосылса, Мұхитжан Кәрімбаев Қызылорда облыстық энергия консорциумының төрағасы, Омархан Пашкенов ҚР Фермерлер қауымдастығының облыстық филиал төрағасы қызметіне тағайындалды.

Отырыста еңбек даулары мен өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын-алу бағытындағы шаралар талқыланды.

Жиында облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов жыл басынан бері облыста кәсіпорындар мен мекемелерде 91 тексеру жүргізіліп, 151 заңбұзушылық анықталғанын тілге тиек етті. Оларды жою және болдырмау жөнінде 65 нұсқама беріліп, оның 58-і орындалса, 151 бұзушылықтың 125-сі жойылған, қалғандарының мерзімі бар. Тексеру қорытындысымен 896,9 мың теңге мөлшерінде 12 әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың 493 өтініші қаралып, белгіленген тәртіпте жауап берілген. Жыл басынан бері ықпал ету шаралары нәтижесінде 8 кәсіпорынның 1911 жұмыскеріне 209,6 млн. теңге жалақы қарызы төленді.

Сондай-ақ, жиналыс барысында бірқатар ірі компаниялардың ұжымдары жалақыны көтеру және еңбекақы қарыздарын өтеу секілді жағдайлар талқыланды. Аймақ басшысы еңбек дауларын шешу жолдарын тез арада қарастырып, нәтижесін баяндауды тапсырды.

Мұнан бөлек, жиында өндірістегі жазатайым оқиғалар мәселесі қаралды.

Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы 7 айда 48 жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, 23 жазатайым оқиға еңбек қызметімен байланысты деп танылды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі компания басшыларына өндірістік жазатайым оқиғаларын алдын-алу бойынша тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді. Ал, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері және облыстық басқарма басшыларына облыстық кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, жұмыс берушілер және жұмысшы ұйымдарыме бірлесіп, үшжақты комиссия қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды.

«Туындайтын мәселелерді алдын ала болжап, еңбек ұжымдарымен және жұмыс берушілермен ашық әңгімелескен жөн. Сол үшін жедел әрекет жасап, кез келген диалог түрлерін пайдаланыңыздар. Әр аптаның сәрсенбі күні еңбек заңнамасын түсіндіру үшін «Ашық есік күндері» ұйымдастырылсын. Бұл мәселелер жеке бақылауымда. Компаниялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныстар 5 күн мерзімінде әзірленсін. Біз үшін әрбір адамның өмірі қымбат», – деді облыс әкімі.

Комиссия отырысында берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алу облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменоваға жүктелді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!