Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Франция Республикасының Ұлттық қорғаныс жөніндегі жоғары зерттеу институты делегациясымен кездесті.

Кездесуге Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье Канесс, Францияның Ұлттық қорғаныс жөніндегі жоғары зерттеу институтының қару-жарақ бойынша Бас инженері Флоранс Плессис, Францияның Алматыдағы Бас консулы Алекс Шахтахтински және Франция Елшілігі мен қорғаныс саласының қызметкерлері келді.
Аймақ басшысы екі ел арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың жалғасатынына сенім білдіріп, делегация сапарына сәттілік тіледі.

Франция Республикасы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы еуропалық мемлекет. Биыл Франция мен Қазақстан арасындағы ашық және сенімді дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 29 жыл толып отыр.

Франция мемлекеті осы өңірден шыққан жерлесіміз, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайға ерекше назар аударып, құрмет білдіріп келеді. Бүгінгі күні Францияны өзінің екінші отаны ретінде көрген Мұстафа Шоқайдың құрметіне саябақ және Ножан-сюр-Марн қаласында мүсіні қойылғанын ерекше атап өткен жөн, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, осы жылдың тамыз айында Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен екі жақты қарым-қатынас пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Ножан-сюр-Марн қаласының мэриясымен Қызылорда қаласы әкімдігі арасында Бауырластық байланыстар туралы келісімге онлайн режимде қол қойылды.

Өз кезегінде, Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье Канесс және Ұлттық қорғаныс жөніндегі жоғары зерттеу институтының қару-жарақ бойынша Бас инженері-делегация басшысы Флоранс Плессис аймақ басшысына қонақжайлылық танытып, жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді.

Сыр өңіріне екі күндік сапары барысында делегация өкілдері Байқоңыр қаласына барып, Байқоңыр ғарыш алаңының тарихы музейін аралайды және Ю. Гагарин мемориалдық музейі мен бақылау алаңының жұмысымен танысады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!