Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбішпен кездесті. Аймақ басшысы биыл 28 ақпанда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 32 жыл айтулы күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.
Бұл атаулы күнді облыс деңгейде атап өту үшін облыстық басқармалар мен қала, аудан әкімдіктеріне тапсырмалар берілгенін жеткізді. Сондай-ақ, С.Әбіштің азаматтық қоғам өмірін ілгерілетудегі елеулі еңбегін жоғары атап өтті.
«Сыр өлкесінде еліміз үшін аянбай еңбек етіп, өзінің адалдығымен, парасаттылығымен ел аузында жүрген, ауыз толтырып айтарлық азаматтарымыз баршылық. Осы азаматтарымызға лайықты құрмет көрсетіп, ғибратты ғұмырын басқаларға үлгі, жастарға өнеге ету біздің басты мақсатымыз.
Сыр өңірінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына қатысты шараларды ұйымдастырып, қоғам мен үкіметтік емес ұйым өкілдері арасында белсенділік танытып жүрген азаматтарымыздың бірі де бірегейі Өзіңізсіз»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айтулы датаны атап өту үшін Сыр елінде жоғары оқу орындары мен мектептерде «Қазақстанның жаһандық бастамалары. Халықаралық қауіпсіздікке үлес», «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 32 жыл» тақырыптарында онлайн дәрістер, тәрбие сағаттары мен еске алу шаралары, онлайн студенттік пікірсайыстар мен видеочеллендждер өткізіледі. Сондай-ақ, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының және қозғалыс мүшелерінің ерлік істерін насихаттауға бағытталған облыс музейлері мен кітапханаларында виртуалды тарихи-құжаттық көрме мен онлайн кітап көрмелер өткізіліп, облыстық спорт мектептерінің тәрбиеленушілері арасында онлайн спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Мұнан бөлек, тамыз айында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция, дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Кездесу барысында ардагер Сәбит Ыдырысұлы қабылдауға шақырып, ілтипат танытқан облыс әкіміне алғысын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Сәбит Әбіш ұсынысын қабыл алған аймақ басшысы облыстық экономика және бюджеттік бағдарламалар басқармасы басшысына Семей ядролық сынақтарына қатысқан 479 адамға қосымша біржолғы материалдық көмек көрсету үшін бюджеттен 55,9 млн.теңге қаржыны қарастыруды және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына берілген ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.
Кездесу соңында облыс әкімі ардагер Сәбит Ыдырысұлына алғыс айтып, айтулы датаны облыс деңгейде атап өту үшін бірлесіп жұмыс атқаратынын жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!