Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова орынбасары Бақыт Жахановты қабылдап, жыл бойғы атқарылған жұмыстарды саралады.

Жалпы 2012-2020 жылдар нәтижесімен 670,1 мың гектар ауылшаруашылығы жері сауда-саттық жолымен және мемлекеттік бағдарламалар арқылы айналымға енгізілді. 2020 жылға облыс бойынша 60 мың га жерлерді қосымша ауыл шаруашылығы айналымына алу жоспарланған. Аталған жұмыстарға жергілікті бюджеттен 36,2 млн. теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесін ағымдағы жылы 66,3 мың га жер табысталған.

Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында бүгінгі күні облыста 99 678 азамат кезекте тұр, оның ішінде 60 661 адам Қызылорда қаласының еншісінде. 2014-2019 жылдары барлығы 10 741 учаске берілсе, ағымдағы жылы 1 469 жер учаскесі тұрғындарға табысталған.
Ағымдағы жылы мақсаты бойынша пайдаланылмаған не заңнаманы бұза отырып пайдаланылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 11193,5 гектарды құрайтын 48 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.

Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов агроөнеркәсіптік кешенінің негізгі индикаторларының орындалу барысын да сөз етті. Есепті кезеңде 136,0 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 1,4%-ға артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 10,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге өскен. Сондай-ақ, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға 1,2 млрд. теңге инвестиция салынып, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,6 есеге ұлғайса, ағымдағы жылдың 10 айында облыстан 29,1 млн. долларды құрайтын 87,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 114,0 пайызға өсім алған.

Биылғы жылы 551 мың тоннадан астам күріш өнімі жиналды. Сонымен қатар, есепті кезеңде 33,8 мың тонна ет 81,3 мың тонна сүт және 6,9 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, 2019 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 2,6 пайызға, сүт өндірісі 2,6 пайызға артты. Ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларында ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 10,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге ұлғайған.

Аймақтың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бойынша аумақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес қалдықтарды басқару бағытында негізгі 2 нысаналы индикатор белгіленген. Қалдықтардың өңдеу үлесін арттыру бағытындағы алғашқы индикатор бойынша жоспар 18% орындалған. 2020 жылы жинақталған 117 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 21 мың тоннасы өңделген.

Екінші индикатор негізінде экологиялық және санитариялық талапқа сай, келетін полигондарның үлесін 4,82 % жеткізілген.

Қызылорда облысының ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша алдағы 5 жыл ішінде 213,1 мың га жерге 177,5 млн дана ағаш егілмек.

Кездесуде облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының ағымдағы жылы атқарған жұмыстары да талқыланды. Ағымдағы жылы 77,5 млрд. теңгенің 1517 сатып алу конкурсы өткізіліп, нәтижесімен 4,6 млрд. теңге үнемделген.

Кездесуде ветеринария саласында атқарылған жұмыстар да сараланды. Облыс көлемінде ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында 2020 жылы аса қауіпті 15 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы республикалық бюджет есебінен бөлінген 5641,1 мың доза ветеринариялық препараттар уақытылы тасымалданып жеткізілді. Эпизоотиялық іс-шараларды орындауға 984,6 млн. теңге қаржы бөлінді. Бекітілген жоспарға сәйкес, алдын ала вакцина егу және диагностикалық зерттеу іс-шаралары жүргізіліп, бөлінген қаржы толық игерілді.

Кездесу соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аталған салалардағы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында Бақыт Жахановқа тапсырмалар жүктеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!