Қаланың көркі – оның тазалығында, ал тазалықтың сақшысы – аянбай еңбек ететін жандар. Күн райының қолайсыздығына, аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан, қала тұрғындарының жайлылығы үшін тер төгіп жүрген еңбек адамдарының жұмысы ерен.
Бүгінгі сұқбатымыздың кейіпкері – «Қызылорда тазалығы» мекемесінде 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Гүлзинат Жұмабекқызы. Еңбек жолын осы саладан бастап, бүгінде тәжірибелі маманға айналған Гүлзинат ханыммен жұмыстың қиындығы мен қызығы, ұжымдағы бірлік және тұрғындардың мәдениеті жайында әңгімелескен едік.
– Жұмыс күніңізді сипаттап берсеңіз. Күніңіз қалай басталады? Кешті қалай қорытындылайсыз?
– Күнделікті жұмысымды әр секторға жауапты шеберлерді түгендеуден бастай мын. Әрі қарай олардың қарамағындағы адам дардың жұмысқа шығуын, техни каның толықтай қамтылуын тексеремін. Одан бөлек, сол адамдар мен техниканың қала тазалығына уақытылы жұмылдырылуын қадағалаймын. Күнделікті таңнан кешке дейінгі жұмысты қорытындылап, басшылыққа баяндаймын, ал аяқталмаған жұмыстарды ертеңгі күнге жоспарлаймыз.

– Жұмыстың ең қиын тұсы қандай?
– Ең қиыны – жұмыстың ауа райына тәуелділігі. Жұмысты қалай орындағанда тиімді әрі тез бітіре аламыз деп алдын ала жоспарлап алсақ, ешқандай қиындық жоқ. Алайда кейде қаланың ауа райы қолайсыздық тудырады. Бірде жаңбыр, бірде қар жауады. Соның алдын дер кезінде алып үлгеру үшін жылдам жұмыс істеуге тырысамыз.
– Мереке күндері жұмыс қалай өтеді?
– Мереке күндері жұмысты жоғары көңіл күйде өткізуге тырысамыз. Мейрамдарда халық демалып, көтеріңкі көңіл күймен жаңа кезеңді қарсы алады. Ол күндері біз үшін жұмыс қызады. Алайда барлық қызметкерге мейрам атмосферасын сезіну үшін қолымыздан келгенді жасаймыз.
– Ақпан айында Қызылорда қаласында көктайғақ болды. Ауа райы қаланың тұрмыс-тіршілігіне біраз кедергі келтірді. Осындай күндері жұмыста қандай қиындық туындайды?
– Иә, қыста жаңбыр жауып, арты қарға ұласты. Алайда біз сақадай сай болып, техниканың арқасында бұл кезеңді де еңсердік. Оқиға орын алған бойда арнайы құрылғылар мен мамандар қала тұрғындарының игілігі үшін қызметке кірісті. Тұрғындарға жайлы тіршілік сыйлау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Қалың қар жауған кезде біз арнайы қоспа себеміз. Осы орайда қалалықтар тарапынан түсінбеушілік пен шыдамсыздық та болды. Дегенмен жұмыс бар жерде сын да болады. Біз оны қабылдап, ескереміз.
– Қала тұрғындарының мәдениеті қандай? Кейде олар туралы сын-пікір туындай ма? Тұрғындарға не айтқыңыз келеді?
– Қала тұрғындары – өз жерлестерім. Олар бұрынғыға қарағанда тазалыққа үлкен көңіл бөліп келеді, қазіргі мәдениетті түсіне біледі. Тазалық – қаланың абыройы екенін білетін оң көзқарастағы жандар деп білемін. Әрине, көпшілік болған соң, бәрі бірдей емес. Алайда жалпы айтқанда, тазалық – біздің басты ұстанымдарымыздың бірі. Сондықтан сіз бен біз бірлескенде ғана қаламыз таза болады.

– Жұмыстың денсаулыққа әсері бар ма?
– Әрине, бар. Қыстың суығында, жаздың аптап ыстығында жүрген адамның денсаулығы сыр беретіні анық. Жұмысшылар арасында қан қысымы көтерілетін кездер жиі кездеседі. Әркімнің денсаулығы өз қолында. Сондықтан қай салада болсын, Алла аманаттаған денсаулықты күту маңызды.
– Ұжыммен бірге болған кезде немесе қызу жұмыс кезінде қызықты оқиғалар болды ма? Соның бірін баяндап берсеңіз.
– Бізде қызықты жағдайлар көп болады. Соның бірі демалыс жариялаған уақытта болды. Ортамызда жұмысын жан-тәнімен сүйетін үлкен апамыз бар еді. Жаздың бір күні дария жиегіне барып, түскі ас ішіп, көңіл көтеріп қайтуды жоспарладық. Сол кезде апамыз астымызға төсеуге апарған кілемшені судың бетіне жайып жіберіп, Дарияның бойымен жүзіп бара жатыр екен. Оны көрген біз таңғалып, көз алмай қарап қалдық. Ал ол кісі «қайықта жүзгендей сезімде болғым келді» деп әзілдеді. Осы бір оқиға бәріміздің есімізде қызықты естелік болып қалды.
– Бұл сала сізге не үйретті?
– Еңбек жолымның бәрі осы салада өткендіктен, үйренгенім көп. Мұнда жасы үлкен де, кіші де, құрдастарым да қызмет етеді. Олардың әрқайсысы маған өзінің асыл мінезі мен даналығын үлгі етті. Бірінен адамгершілікті, екіншісінен мәдениетті, үшіншісінен ақыл-пайымды үйрендім. Мұнда түрлі тағдыр тоғысқан. Өмірі қиындыққа толы болса да, оған бой алдырмай, сабырлық пен сенімді серік еткен жандардың жанында болдым. Әрқайсысының бойындағы жақсы қасиеттерді өз бойыма сіңіруге тырыстым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Мерей МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!