Қазақстан Қарулы Күштері – мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздігінің басты кепілі. Әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы, әскери технологиялардың қарқынды дамуы және түрлі қауіп-қатер еліміздің қорғаныс жүйесін жетілдіру қажеттігін көрсетеді. Осы ретте «Қазақстан әскері қандай бағытта дамуы керек?» деген сауалға тоқталып көрелік.
Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілеті мен кәсіби деңгейі әскерилердің дайындығына тікелей байланысты. Сондықтан әскери оқу орындарының білім беру сапасын жақсарту, заманауи тәсілдер мен технологияларды меңгерту, жауынгерлік тәжірибесі бар мамандарды тарту – басты міндеттердің бірі.
Кадрлық саясаттағы тағы бір маңызды мәселе – әскери қызметтің беделін көтеру. Бұл үшін әлеуметтік пакеттерді кеңейту, баспана мәселесін шешу, жалақыны көтеру және әскери қызметшілерге қосымша жеңілдіктер қарастыру қажет.
Бүгінде әлемде болып жатқан соғыстар әскери техниканың маңызын арттырды. Қазақстан өз қарулы күштерін қажетті техникамен қамтамасыз ету үшін қорғаныс өнеркәсібін дамытуға басымдық беруі керек. Әскери техника мен қару-жарақты отандық кәсіпорындарда жасап шығару – стратегиялық маңызды қадам. Бұл бағытта жергілікті өндірісті дамыту ғана емес, сонымен қатар шетелдік озық технологияларды тарту, бірлескен өндірістер құру және әскери-өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту қажет.
Кибершабуылдар, гибридтік соғыстар және терроризм сияқты қауіп-қатерлер әскери жүйені жаңаша ойлауға жетелейді. Осыған байланысты Қазақстан әскерін тек дәстүрлі күштермен ғана емес, сонымен қатар киберқауіпсіздік саласында да жетілдіру қажет. Яғни, киберқорғаныс бөлімшелерін құру, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, кибер соғыс әдістерін зерттеу – заманауи армияның маңызды бөлігіне айналуы тиіс.
Әлемдік тәжірибені ескере отырып, Қазақстан әскерін дамытуда шетелдік әскермен ынтымақтастық орнату, бірлескен оқу-жаттығулар өткізу және тәжірибе алмасу маңызды рөл атқарады. НАТО, ҰҚШҰ және басқа да әскери ұйымдармен әріптестік қарым-қатынасты нығайту елдің қорғаныс қабілетін арттыруға көмектеседі.
Қазақстан әскері заман талабына сай дамуы үшін әскери дайындық, қорғаныс өнеркәсібі, түрлі қауіп-қатерге дайын болу және халықаралық ынтымақтастық бағыттарын нығайту қажет. Кәсіби армия құру, заманауи технологияларды енгізу және әскери қызметтің беделін көтеру – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты шарттары. Қазақстан Қарулы Күштері – ел тәуелсіздігінің қалқаны. Сондықтан оны жетілдіру тек әскерилердің ғана емес, жалпы қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс.
Арайлым ҚУАНЫШБЕКОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!