– Балаларым YouTube-тан көбіне орысша мультфильмдерді қарайды, – деді балалар дәрігеріне кезекте отырған бір ана баласының қолындағы гаджетке қарап.
– Менің де ұлым солай… Қазақша мультфильмдердің саны артты. Десек те сапасы, сөйлеу тілі кейде көңілімнен шықпайды, – деді тағы бір ана назын жасырмай.
Көрген көзде, естіген құлақта айып жоқ. Қос ананың сөзі қазақ анимациясының бүгінгі жай-күйі туралы ойға жетеледі. Балаларымыз мультфильмнен қандай тәрбие, құндылықтар алып жатыр? Бұл – тек мәдениет мәселесі емес, сонымен қатар ұрпағымыздың денсаулығы, ұлттық рух пен ана тіліміздің тағдыры. Бүгін қазақ анимациясы мен қазіргі қазақ тілді мультфильмдердің сапасына түскен сызат туралы сөз қозғамақпыз.
Қайран, қазақ мультфильмі…
Қазақ мультипликациясының тарихы Әмен Қайдаровтың еңбегінен бастау алады. Оның 1967 жылы түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты туындысы осы өнердің алғашқы қарлығашы болып, көрерменнің жүрегіне жол тапты. Бұл фильм қазақы нақышта жасалған алғашқы анимация ретінде ерекше танылды. Араға 58 жыл салса да, бұл туынды әлі де қазақ анимациясының алтын қазынасы болып қала бермек.
Десе де қазақ мультипликациясы сол бір уақыттан бастап бірнеше кезеңнен өтті. Әрине, уақыт өте келе техника, анимациялық стиль өзгерді, бірақ басты идея сол күйінде қалуы керек еді: қазақы болмыс пен рухты сақтау. Бірақ қазіргі заманда бұл мәселе әлдеқайда күрделеніп кеткенін байқап жүрміз. Сапаға мән беретін заманда неліктен ауыз толтырып айтарлықтай туындылар аз? Балалар «Алдар көсе» мен «Қошқар мен текеден» гөрі тілсіз «Том мен Джерриді», «Ну, погоди»-ді артық көреді. Оған себеп те бар секілді. Тілдік қателіктер, қызықсыз сюжет, сұрықсыз анимацияның өзі көрерменді мезі еткені рас.
Балалар контентіндегі тіл мәселесі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы маңызды тақырып көтерген еді. Бүгінде балалар тұтынатын контенттің көбінде өзге тіл басым. Мемлекет басшысы бұл орайда қазақ тілінде ұлттық нақышта жасалған мультфильмдердің жетіспеушілігіне назар аударды.
– Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» атты мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек, – деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.
Бұл туындыға оң көзқарас танытқан көрерменнің қарасы қалың. Ұлы тұлғаның ұлағатты өмірін айшықтайтын кинотуынды туралы пікірлер легі мынадай:
– «Шоқан. Қашқария сапары» мультхикаясы – балаларымызға тарихи тұлғаларымызды танытып, олардың бойына ұлттық рухты сіңіруге бағытталған тамаша бастама! Мен ұл-қыз тәрбиелеп отырған анамын. Балаларым фэнтези жанрындағы қызықты оқиғаларды тамашалап қана қоймай, Шоқан Уәлиханов сынды ұлы ғалымның ерліктерімен де танысқанын қалаймын. Осындай сапалы, мазмұнды дүниелер арқылы кішкентай көрермендердің тарихымызға деген қызығушылығы артып, патриоттық сезімдері оянатынына сенемін, – дейді көпбалалы ана Ақтолқын Әскербекова.
Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы (МКҚО) жыл сайын қазақ тілінде анимация жасауға қаражат бөледі. Мәселен, МКҚО 2023-2024 жылдары толық метражды анимациялық фильмдер шығаруға 230 млн теңге бөлді. Ал биыл қанша қаражат қарастырылып отыр?
– Қазақ тілінде мультфильм аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда олар жоқ. Бүгінде бұл үлкен мәселе, өйткені балалар интернетті және YouTube-ті теледидардан артық көреді. Олар «Синий трактор» және «Маша мен аю» секілді мультфильмдермен шектеліп қалмай, қазақ тілінде сапалы әрі қызықты туындыларды көруге тиіс. Осы мақсатта келесі жылға арналған бюджет жобасына қазақ тілінде мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді көздейтін норма енгізілді. Біз бұл мультфильмдердің тек теледидарда көрсетілуін ғана емес, сонымен қатар ғаламторда, соның ішінде YouTube желісіне жүктелуін қамтамасыз етеміз. Бұл балалардың қазақ тіліндегі қызықты мазмұнға толы өнімдерге қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз, – деп атап өтті Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Балаңыз тамашаласын…
Қош. Қазақ анимациясының хәлі анау айтқандай мүшкіл деуге келмес. Ақырын болса да, жаңа кезеңге нық қадам басып келеді.
Қазақ анимациясы биыл «Жібек», «Команда А. Миссия Айка» және тағы басқа 10 жаңа анимациялық жобаны халық назарына ұсынамыз деп білек түріп отыр. Сонымен қатар өткен ғасырдың алтын қорынан алынған «Ақ бота» мультфильмі қайта қалпына келтіріліп, жаңартылып, көгілдір экранға жол тартады деп күтілуде. Аталмыш туындылар ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жаңа заманның талаптарына сай болатынына сенім мол.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында жасалатын жаңа анимациялық жобалар ата-анаға құрмет, достық, спорт секілді тақырыптарды қамтып, балалардың санасына ұлттық тәрбие ұялатуға бағытталуы тиіс. Мысалы, «Сақ» жекеменшік киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке» мультфильмі өз қарапайымдылығымен-ақ балалар арасында үлкен танымалдылыққа ие болып, ұлттық нақышта жасалған сапалы контент екенін дәлелдеді. Тіпті бұл мультфильм YouTube платформасында20 миллион қаралым жинап, қалың көрерменнің ықыласына бөленгені сөзімізге дәлел.
YouTube желісінде ел сүйіспеншілігіне бөленген туындылардың бірі – «Ara studios » анимациялық студиясының «Шырақ» мультфильмі. Бүгінде ол 2,3 миллионнан астам қаралым жинап, күннен күнге бұл көрсеткіш артып келеді. Анимация деңгейі белгілі Pixar-дан кем түспейтін қазақстандық мультфильмді бір тәулікте 40 мыңнан астам адам тамашалап, сондай-ақ ол әлемнің 80-нен астам кинофестиваліне қатысқан.
– Қазақтың балаларын қуантатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мультфильм шыққанына қуаныштымын! «Шырақ» мультфильмі біз күткен сапалы туынды болды. Екі балапаным бұл мультфильмді көргенде көздері бал-бұл жанып, мәз-мейрам болып отырады. Қазақи болмысымызды сақтай отырып, балғындардың қиялын байытатын осындай дүниелердің көбейгенін қалаймын. Авторларға мың алғыс, осындай жүрекке жылы әсер қалдыратын туындыларды көптеп шығаруларыңызды сұраймын. «Шырақтың» жалғасын күтеміз, – деді қала тұрғыны Шынар Маратбек.
Заман талабы болса да, балаға гаджет арқылы ұлттық құндылықты дәріптеймін деу қате пікір. Бұл тұрғыда мультфильмді халыққа ұсынғандар ғана емес, сол туындыны баласына көруге мүмкіндік беретін ата-ана да мұқият болуы керек.
Мультфильм – балаға ой салып, оның санасына тәрбие беретін, рухани азық сыйлайтын маңызды құралдардың бірі. Бүлдіршіндер айналасындағы әлемді тануды, жақсылық пен жамандықты ажыратуды, ізгілік пен адамгершілік қағидаларын осы анимациялық туындылар арқылы бойына сіңіреді. Сондықтан мультфильмдер тек қызықты оқиғалар тізбегі ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, бала жүрегіне ізгілік дәнін егетін қуатты тәрбие құралы болуы тиіс.
Ұлттық анимация саласы кейінгі жылдары көптеген жетістікке қол жеткізіп, тың туындыларды жарыққа әкелуде. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру – заман талабы. Анимациялық фильмдердің тілі жатық, мазмұны терең, көркемдік сапасы жоғары болуы керек. Әсіресе, кейіпкерлердің сөйлеу мәнері мен диалогтары балаға ана тілінің байлығын сіңіруі қажет. Өйткені жас көрермен мультфильм арқылы тілді үйреніп, сөз саптауды меңгереді.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, балаға дұрыс бағыт-бағдар беру – ата-ана мен қоғамның басты міндеті. Ал біз балалардың санасына ұлт рухын сіңіретін, ана тіліміздің қадірін ұқтыратын сапалы қазақ мультфильмдері көбейеді деп үміттенеміз.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!