Күнделікті тұтынатын азық-түлігіңіздің халал екеніне мән бересіз бе? Қаптамадағы құпияланған «Е» коды бізден нені жасырады? Тағам құрамына байланысты Ислам дінінің үкімі мен медицинаның айтар өз шындығы бар.

Бүгінде халық арасында «халал» мен «харам» ұғымы жақсы тыныс. Ислам дінінде рұқсат етілген және зиянсыз әрекеттер «халал» аталып, адам денсаулығына қауіп төндірер тыйым салынған зиянды дүниелер «харам» ұғымымен бекітілген. Әр мұсылманың ең басты дереккөзі – Құран мен хадис. «Әл-Бақара» сүресінің 172-аятында: «Уа, муминдер! Өздеріңе ризық етіп берілген халал, таза тағамдармен ғана қоректеніңдер», – делінеді.

Бұл діни ұғымдардың ел арасында тарамай тұрған шағында да ата-бабаларымыз адал астың шарттарын білген. Соғым сояр алдында «Бисмиллә» айтып, ислам шариғатының әдебі бойынша жөн-жоралғысын жасаған. Қазір зауыт, фабрикаларға бір күнде орташа есеппен 100-ге жуық мал жіберіледі десек, барлық малдың қанын шығару процесінде ислам шариғатының әдебі бойынша жасалынатынын не жасалынбайтынын дөп басып айту қиын. Өндіріске жіберілетін әр малдың таза табиғи шөппен бағылуы немесе дәрімен бордақылануын тексеру де үлкен мәселе. Мәида сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал арам», – делінеді. Елімізде табиғи апаттан немесе ауырып өлген арам малдың етін шұжық жасайтын цехқа өткізу фактілері жиі тіркелетіні жасырын емес. Сондықтан ет өнімдерін сатып алар кезде «QMDB HALAL» сертификатын талап етуіміз қажет. 2024 жылы 447 кәсіпорын жаңадан сертификаттаудан өтті. Қазіргі кезде «QMDB HALAL» сертификатымен 1925 кәсіпорын мен 1198 қасапшы өнім өндіруде.

Тұтынатын өнімдеріміздің қаптамасында жазылған «Е» кодының құпиясын ашайық. «Е» коды ағылшын тілінде «жеуге болады» деген сөзден шыққан. Бұл тағам құрамындағы қосымша ингредиенттерді анықтайтын сандық код. Код бірліктен басталса, онда ол бояғыш. Егер екіліктен басталса, бұл консервант, үш санынан басталса антиқышқылдандырғыш, 4 – тұрақтандырғыш, 5 – эмульгатор, 6 – хош иістендіргіш. Ал төрт мәнді код тәттілендіргіш бар екенін білдіреді.

«Е» кодымен басталатын сандардың барлығы медицина бойынша зиянды, дін саласында харам деуге болмайды. Тағам құрамына қосылатын пайдалы қоспалар да жетерлік. Мысалы Е101 сары тағамдық бояуышы — рибофлавин, ол В2 дәруменінің нағыз өзі. Ал жасыл Е140 — кәдімгі хлорофилл, аскөктің пайдасынан кем емес. Пайдалы код қатарына Е306 қоссақ болады. Бұл токоферол, яғни Е дәрумені — аса күшті табиғи антиоксидант қатарына жатады. Азық-түлік құрамында Е300 кодымен басталатын заттар – аскорбин қышқылынан, «өмірлік дәруменнен» басқа ештеңе де емес. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының мәлімдеуінше Е101, Е140, Е306 қоспалары күмәнді. Бояғыштар доңыздан алынса, онда харам деп үкім етілген. Егер 100 пайыз өсімдіктен алынса, онда халал. Орталық Е300 кодын толықтай халал деп таныған. Е120 бояғышы кошениль жәндігінен алынады. Ханафи мазхабы бойынша үкімі – харам. Медицинада бояғыш көпшілікке қауіпсіз делінеді, дегенмен астматиктер мен тері аурулары бар адамдарда аллергиялық реакция тудыруы мүмкін.

Кішкентай бүлдіршіндер мармелад өніміне үйір келеді. Мармеладтың негізгі қоспасы – желе жасаушы зат. Осы күндері мармелад құрамында желатин бар деп аулақ жүруге тырысатынымыз рас. Дегенмен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығы халал қоюлатқыштардың бар екенін еске салады. Е400-ден бастап Е419 дейінгі қоспаларға халал белгісі қойылған. Себебі аталған қоспалар табиғи өсімдік текті қоюлатқыштар болып есептеледі. Мысалы «агар-агар» – балдырлардан, «пектин» – алма, цитрустардың, қант қызылшасының сығындысынан өндіріледі.

Қалалық «Айтбай» мешітінің ұстазы Марал Файзуллина:

«Шах Шужағ әл-Кирмани бұған қатысты былай деген: «Тыйым салынған нәрсеге қараудан көзін сақтаған, нәпсісін тежеген, әрдайым мурақаба (өзін-өзі бақылау, тексеру) сезімі арқылы руханиятын, сүннетті берік ұстану арқылы сыртқы әрекетін бақылауда ұстаған және адал аспен қоректенуді әдетке айналдырған адамның зеректігі жоғалмайды». Иманның әлсіреуі, мінез-құлықтың нашарлауы, рухани әлсіреу, дұрыс нәрседен қашық болып, күнәға бойы бейімделе бастау – бәрі харам аспен азықтанудан басталады», – деп пікір білдірді.

Қазіргі таңда азық-түлік өндірісінде қолданылатын қоспалар көп. Олардың барлығы бірдей зиянды немесе харам емес. Алайда қайсысы адал, қайсысы күмәнді екенін ажырата білу – тұтынушының жауапкершілігі. Ислам діні әрбір мұсылманға халал әрі таза ас жеуді бұйырса, медицина тағам құрамындағы заттардың ағзаға пайдасы мен зиянын ашып көрсетеді. Осы екі өлшемді қатар ұстану – денсаулықты сақтаудың да, имандылықты қорғаудың да кепілі. Сондықтан әрбір тұтынушы қаптамадағы қоспа кодына мән беріп, «QMDB HALAL» белгісі бар өнімді тұтынуды әдетке айналдыруы тиіс. Бұл ұрпақтың амандығы мен қоғамның тазалығы үшін маңызды қадам.

Айдана ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!