Фото: gov.kz

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңа тәсілдер әзірлеген болатын. Сәйкесінше, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №177-VII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Атап айтқанда, заңның мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру, біліктілік талаптары, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс және мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауға қатысты баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Аталған өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстық рәсімдерді өткізбестен тағайындалу құқығы бар тұлғалардың шеңбері кеңейтіліп, мемлекеттік қызметке кіру шарттары біршама жеңілдетілді.

Қазіргі таңда мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшелерінің келісуі бойынша конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады.

Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдардағы жекелеген басшылық емес лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау мүмкіндігі қарастырылды.

Сонымен бірге «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен облыстық бюджеттен қаржыландырылатын облыстың атқарушы органдардың басшысы лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр.

Бұл өз кезегінде бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттыруда.

Тағы бір өзгеріс, енді мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен, яғни ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің немесе оның аумақтық департаменттерінің келісімімен бекітілуде.

Айта кету керек, бұған дейін мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен бекітіліп келген болатын.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауға қатысты енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады.

Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді. Қазіргі таңда агенттікпен мемлекеттік қызметке іріктеу мен оны өткеруді толық цифрландыру арқылы «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталында іске асырылатын мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритімі әзірленді, онда конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.

«Е-қызметте» барлық маңызды ақпараттық жүйелермен интеграция жасалған. Ол мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау – мұның бәрін автоматты түрде жүйе өзі жасауда.

Мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді одан әрі цифрландыру мақсатында биыл «Е-қызмет» жүйесінің 14 модулі жаңартылады. Оның ішінде «Тәртіптік бақылау», «Бағалау», «Іс-сапарлар», «Тағылымдама», «Оқыту» модульдері бар. Бұл жұмыс 2023 жылы аяқталып, жаңартылған жүйе осы жылдың басынан барлық мемлекеттік органдарға қосылуда.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен мемлекеттік қызметті жетілдіру жөнінде заң жобасын әзірленді.

Онда:

Біріншіден Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару мүмкіндігі енгізіледі. Мұндай себеппен шығарылған қызметші мемлекеттік қызметке үш жыл бойы қайтып келе алмайтын болды.

Екіншіден, өзге өңірге ротацияланған қызметшіге үй жалдауға төлем енгізілді. Бұл қызметшілерді өңірлерге ротациялануға ынталандыруда.

Үшіншіден, мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны атқару үшін уақытша шарт (контракт) бойынша жұмыскерді алуға мүмкіндік берілді. Мұндай жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады. Бұл жаңашылдық Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сай енгізілуде.

Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимінің сақталуы реттелетін болды. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізілуде.

Бесіншіден, мемлекеттік органдардағы басқарушы және атқарушы лауазымдар саны реттеледі. Қазіргі кезде кейбір мемлекеттік органдарда бір не екі қызметшіден құрылған бөлімшелер бар. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік органдардың оңтайлы және тиімді құрылымын қалыптастыру.

Мемлекет басшысының Жолдауында Агенттікті толыққанды стратегиялық HR институты етіп қалыптастыру тапсырмасына сәйкес басты назар мемлекеттік органдардың операциялық кадр қызметін сүйемелдеуден, персоналды басқару, іздеу, «тұрақтандыру» және дамыту мәселелеріне ауысуда.

Бұл ретте кадр рәсімдерін цифрландыруға, конкурстың ашықтығын қамтамасыз етіп, меритократия қағидатын күшейтуге назар аударылуда.

Бүгінде агенттікпен рекрутинг (қызметкерді іздеу, тарту), талант-менеджмент, ассесмент (бағалау) және өзге де жаңа құралдар жүзеге асырылуда. Агенттік мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғап, кадр саясатының тиімділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметке «кіруден» бастап зейнетке шыққанға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Екіншіден, мемлекеттік органдардағы кадр қызметтерінің рөлі ұлғайып, олар өз органдарында HR стратегиясын жоспарлайтын болды. Сондай ақ оларға кадрлық шешімдер қабылдау құқығын беру ұсынылды (бағалау, марапаттау, жазалау, т.б.).

Үшіншіден, мемлекеттік қызметтегі HR құралдар қайта қарастырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен құзыреттерді, оларды бағалау және оқыту жүйелерін, әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін қайта қарастыру ұсынылады. Бұл ұсыныстардың жүзеге асуы агенттікті стратегиялық HR институты ретінде қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Жастар кадрлық резерві – мемлекеттің резерві». Жастар кадрлық резерві қазіргі таңда өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Жыл өткен сайын қабілетті, дарынды жастардың бұл жобаға қатысуға қызығушылығы артуда.

Бүгінде Өңірлік жастар кадр резервіне іріктеудің үшінші кезеңі аяқталып, осы жылдың тамыз айында мәре қорытындысы белгілі болады. Жеңімпаздар қатарынан білікті де білімді мамандарды көреміз деген үміттеміз.

Жалпы, әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек. Ол үшін тек білімді және құзыретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсем деген жүрек қалауын айтып отыр емес пе?! Елге қызмет ету – абыройлы міндет. Осы қағиданы әрбір мемлекеттік қызметші қаперінде ұстауы керек.

Түйіндей айтқанда, біздің негізгі міндетіміз – халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру.

Ж.ШЫНТАСОВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет
басқармасының басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!