Қазақстанда 120-ға жуық несиеге өтініш берген рекордшы әйелдің бар екенін өткен жылы жазған едік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Қаржы саласының мамандары мен экономистер тұрғындардың болмашы нәрсеге несие алатынын, қанды қанмен жуып кетіре алмағаны секілді, кредитті кредитпен жабатынын дабыл қағып, жиі жазады, айтады. Иә, қымбатшылық «құрығын» күнде салып жатыр деп ақтап алуға болатын да шығар, бірақ өткен жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еліміздегі әрбір азамат орта есеппен 2 несие алатыны туралы мәлімет келтірген. Оның арасында несиені неге алып жатқанын білмейтіндер де бар.

Біз тілдескен қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен оқырмандарға қаржылық сауат ұғымын күрделі етпей-ақ айтуға тырысты.

– Өте қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, қаржылық сауат – кірісің мен шығысыңды есептеу, яғни шығысыңның тапқан табысыңнан көп болып кетпеуін қадағалау, жүйелеу. Қаржылық сауатпен өмір сүргісі келетін, қаржысын басқарғысы келетін адамдардың ең бірінші істеуі керек жұмысы – кіріс-шығысын жазып отыру. Сол кезде ғана кем түсіп жатыр ма, артық па, бәрі белгілі болады. Егер кірісінен шығысы көп болса, үстіндегі қаржы қайда кетіп жатыр, қажетсіз бір күндік тірлікке ме, әлде капитал жасауға ма, соны бақылау қажет. Халықтың арасында кездесулер өткізген кезде ең көп кездескен қателік осы болды.

Сол уақытта көбі «тапқан табысымның осынша бөлігі азық-түлікке кетіп жатыр, қалғанын мынадай жұмыстарға жаратамын. Өзі санаулы қаржының қайда кетіп жатқанын білемін, оны жазудың не керегі бар?» десті. Тәжірибе жүзінде айтайын, «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушыға «кіріс-шығыстарыңызды жазыңыздар» дегенмін, әлі ұмытпадым, өткен жылдың 24 мамыры еді. Сонда бір келіншек 24 күндік шығысын 385 мың деп жазып әкелді. Сосын «мына сандарды қайдан алдыңыз?» деп сұрадым. Ол банк аударымдары арқылы сауда жасаған екен, мен айтып тұрдым, ол кісі жазды. 24 күнде кеткен кірісі мен шығысын толық есептедік. Өзі дайындап келген қаржыдан екі есе көп болып шықты. Оны көрген кезде ол кісі таңғалып қалды әрі қорқып кетті. «Бұл – тек менің өзімнен шыққан шығын, әлі жұбайым, балам мен келінім бар. Оның бәрін есептеп көріңізші, мен осыншама көп қаржы кетті деп ойлағаным жоқ» деп басын шайқады, – дегенді айтады ол.

Сарапшы халықтың дені «шығысымның қайда кеткенін толық білемін» деу арқылы қателесетінін жеткізді.

– Ол кездегі шығын түсінікті, мамыр айы болғандықтан, көктемгі егін маусымы жақындағандықтан, машинаға керекті заттар осы кісі арқылы сатып алынған екен. Сондықтан, қаржының басым бөлігі көліктің керек-жарағына кеткені анық байқалды. Бұл жерде басты айтпағым, 385 мың деген ақшаның екі есеге көбейгенінде. Халықтың дені «шығысымның қайда кеткенін толық білемін» деу арқылы қателеседі, – деп сөзін толықтырды Балдырған Мәмен.

Шыны керек, қаржылық сауат ұғымы соңғы жылдары ғана жиі айтылатын және жазылатын болды. Оның себебі бесенеден белгілі.

Қоғамда «Тапқан табысымыз қайда кетіп жатыр?» деп ойланатындар азайып, тиісінше «Ақша деген – су» деп өз-өзін өтірік жұбатып, ақтап алғыс келетіндер көбейген сыңайлы.

– Тұрғындарға қаржылық сабақтар өткен кезде көпшіліктен «бір айда немесе бір жылда қанша қаржы жұмсайтыныңызды білесіз бе?» деп сұраймын. Сонда барлығы дерлік, «жобамен білеміз ғой» десіп жатады. Сонда бір ғана қосымша арқылы айналым қаржысын көрген кезде көпшілігі таңғалады. Орта есеппен табысы 200 мың адамның бір жылдағы айналым қаржысы 2,5-3 миллион болуы керек деп есептейміз. Ал көп адамның бұл қаржысы 5-7 миллион, кейде 12 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл қандай ақша? Қарызға алынған ақша ма? Егер қарыз болса, тапқан табыс қайда кетіп жатыр? Міне, осындай заңды сұрақ туындайды, – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен.

2022 жылы Қазақстанда бір азаматтың өз атына рәсімдеген несиесі 79-ға жетіпті. Ал 2023 жылы банктерден 69 рет қарыз алған ер адам тіркелген. Қаржы сарапшысы несиеге қатысты өз тәжірибесінде кездескен жайттарды да әңгімелеп берді.

– Менің практикамда бір басында 17-18 несиесі бар адам кездесті. Олар әртүрлі қаржылық мақсатқа алынған. Одан бөлек, бір студенттің, яғни 20 жасқа толмаған баланың микроқаржы ұйымдарынан алған несиесінің саны 23-ке жеткен. Менің бір таңғалатыным, пирамиданың белгісі бар екенін толық түсіндіріп, дәлелдеп тұрғанның өзінде сондай ұйымдарға ақша салғанын мақтанышпен айтып, өзгеге өлермендікпен жарнама жасайтын адамдардың көптігі, – деді ол.

«Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша қаржы сарапшысы аталған жобаның тиімділігіне де тоқталып өтті.

«Қарызсыз қоғам» жобасының маған ұнайтыны – ол тегін жоба. Біз туғаннан бастап отбасымызда бәрін үйрендік. Қалай еңбектеуді, жүруді, сөйлеуді, жазуды, оқуды, білім алуды, ас дайындауды, үйдің жұмысын істеуді, көлік жүргізуді, т.с.с. Бірақ, қаржымен жұмыс істеуді ешкім үйретпепті. Мұны біз қайдан білеміз? Отбасымызда қалыптасып қалған дәстүрден және өзгенің қателігін көріп, соны қайталамауға тырысамыз деген секілді. Дәл қазіргі уақытта, әсіресе сандық технологияның дамып тұрған кезінде қаржылық сауат мәселесі – өте өзекті және басты дүние. Себебі, адам дүниеге келгеннен бастап өмірінің соңына дейін қаржымен жұмыс істейді. Оны қалай қолданып жатырмыз, біз оған қызмет етіп жатырмыз ба, қаржы бізге ме, соны білу, оны басқара алу маңызды саналады. «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауатты толық меңгертпесе де, қаржылық біліктілікті арттыруға өз ықпалын тигізіп жатыр, – дейді Балдырған Мәмен.

Қаншама тұрғынның қаржылық көкжиегін кеңейтіп жүрген маманнан қарызға кірудің белгілері жайында сұрадық. Әрине, әр адам сезінсін, көңілге түйіп жүрсін деген оймен. Сөйтсек, мәселенің мәні тереңде болып шықты.

– Ақша жинай алмаудағы мәселе – нақты қаржылық жоспардың болмауы. Біз отбасылық бюджетті қалыптастыру, жүйелеудің бәрін жеткізіп болғаннан кейін ғана бір жылдық қаржылық жоспар құру жайын көтереміз. Мысалы, балаңыздың мектепке баратыны тамыз айында ғана еске түссе, колледж немесе жоғары оқу орнына баратын уақыты да солай ғана ойға келуі мүмкін. Көп ата-ана баласы гранттар тізімінде болмай шықса, «уайымдама, сені ақылы болса да оқытамыз» дейді. Туғаннан бастап қасыңызда жүрген балаңыздың үйленетіні, қыздың тұрмыс құратыны белгілі, яғни соның дайындық жұмыстары бар дегендей. Иә, жиған қаржысы немесе қорада малы бар адамдардың жайы түсінікті десек, басқалары ше, не істейді? Яғни, «қарыз қалай қалыптасады?» деген сұрақтың жауабы да – осы, – деп сөзін қорытындылады ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!