Көп адам уақыт жетпейді деп жиі шағымданады. Таң атпай тірліктің қамы иыққа жүк болса, кеш батқанша сол күнкөрістің күйбеңі жібермейді. Осындай қарбаласта адам өзіне бір сәт тыныс алуға да рұқсат бермесі анық. Ал сол тынысты, ішкі үндестікті хобби деп аталатын қарапайым ғана әрекет сыйлай алады.
Хобби – ермек емес, бос уақыттың қалдығы да емес. Ол – адамның ішкі әлемімен тілдесетін, жанын ауыр ойдан арылтатын іс. Біреу үшін ол кітап оқу, біреу үшін бояумен сөйлесу, енді бірі үшін жай ғана ұзақ серуен болуы мүмкін. Бірақ барлығының түпкі мәні – өзіңмен үндестікте болу.
Көпшілік хоббиді пайдасыз деп топшылауы мүмкін. Ақша әкелмесе, мансапқа әсер етпесе, оны қажетсіз санайды. Алайда пайда деген ұғым тек табыспен өлшенбеуі керек екенін естен жиі шығарамыз. Күйзелістен арылу, ойды ретке келтіру, ішкі тепе-теңдікті сақтау – бұлар да пайда емес пе! Тіпті ең бағалы пайда осы болар.
Психологтар кейінгі уақытта эмоциялық қажу синдромының жиілегенін айтады. Себебі адам үнемі «міндет» режимінде өмір сүреді. Жұмыс істеу керек, үлгеру керек, дәлелдеу керек. Ал хобби «керек» емес, «қалаймын» дейтін ұғымдардан аулақ. Сол үшін де ол жанды емдейді.
Ересек адамның жаңа хобби бастауға батылы жетпей жатады. «Кеш емес пе?», «Қолымнан келмейді», «Біреулер күледі» деген ішкі қорқыныш тежейді. Бірақ балалық шақта біз бұлай ойлаған жоқпыз. Суретті әдемі салу үшін емес, салғымыз келгені үшін салдық. Әнді жақсы айту үшін емес, айтуға құлшынысымыз болғаны үшін айттық. Хобби сол балалық еркіндікті қайтарады.
Әр адамның жаны әрқилы, сол себепті хоббидің де бір ғана дұрыс түрі жоқ. Біреулер тыныштықты қалайды. Мәселен, кітап оқу, күнделік жүргізу, сурет салу немесе тоқу жанға жақын. Енді біреулер қимылды ұнатады – жүгіру, би, йога, серуен секілді әрекеттер ойды сергітеді. Шығармашылыққа бейім жандар фотоға түсірумен, видео монтаждаумен, ас әзірлеумен немесе қолөнермен айналыса алады. Ал жалғыздықты емес, байланыс іздегендерге волонтерлік, клубтар, тіл үйрену курстары жақсы хобби болмақ. Хоббидің басты өлшемі – оның сәнді немесе пайдалы көрінуінде емес, сізге қандай күй сыйлайтынында. Тіпті кейбір адамдар хоббиінің арқасында өмірлік мамандығын табады.
Бастысы өзіңізге «Мен не істегенде уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын?» деген сұрақты қойсаңыз болғаны.
Хобби бірден табыла қоймауы мүмкін, оны іздеу де – қалыпты жағдай. Бастап көріңіз, ұнамаса – тастаңыз, мұндайды сәтсіздік деп қабылдамаңыз. Өзіңізге «міндет» жүктемей, еркіндік беріңіз. Себебі хобби – нәтиже үшін емес, процесс үшін. Сол процесс барысында адам өзін танып, қалауын аңғарады. Ал өз қалауын тапқан адам жан тыныштығын табады, өзімен үндестікте болады. Адамға бақытты болу үшін кейде кішкентай қуаныштың өзі жеткілікті, сол себепті өзіңіздің қуанышыңызды табуға асығыңыз, құрметті оқырман.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
