Сізде қандай да бір нәрсеге қызығушылық бар ма? Мысалы, сіз шахмат ойнайсыз ба? Маркалар немесе түрлі монеталар жинағанды ұнатасыз ба? Гүл өсіруді немесе ағаштан сурет салуды, тоқыма тоқуды және де тағы да басқа дүниелермен айналысқанды жақсы көресіз бе? Егер сізде осы хоббилердің біреуі болса, онда сіз уақытыңызды текке өткізбейсіз және өзіңіздің өміріңізді қызықсыз санамайсыз.
Әуелі «хобби» деген не екенінен бастасақ. Ағылшын тілінен аударғанда «сүйікті іс» деген мағына беретін хобби ‒ адамға ләззат әкеліп, шабыттандыратын кез келген қызығушылық. Шындығына келгенде, әр адамның өз сүйікті ісі болғаны өте маңызды. Себебі хобби оның шығармашылық қабілетін іске асыруға, күйзеліске қарсы тұруға, ой-өрісін кеңейтуге көмектеседі. Кейбіреулер әр түрлі спорт түрлерімен айналысқанды жақсы көреді. Ал басқалары антиквариат немесе бас киімдер жинағанды, тіпті жануарлар өсіргенді ұнатады. Айта беретін болсақ, бұндай хобби түрлері өте көп. Шығармашылық пен саяхаттан бастап, тарихи дүниелерді зерттеудің барлығы адамның өмірге деген құштарлығына айналуы мүмкін.
Көбіне хобби балалық шақта пайда болады. Кейбіреулер маркалар, монеталар, жапсырмалар жинайды, басқалары ән айтып, би билейді. Егер де сіз бала кезіңізде өз талантыңызды дамыта алған болсаңыз, онда ол тек сүйікті ісіңіз ғана емес, жақсы табыс көзіне айналады. Өйткені сіз жұмысыңыздан ақша ғана емес, сонымен қатар жан рахатын да ала аласыз.
Бұл қызметтік табысқа немесе мәртебеге байланысты емес. Хоббиді мамандығымен біріктірудің пайдалы да, зиянды да жағы болады. Негізі адам бір қызмет орнынан, екіншіге ауысып отырғаны жөн. Сол кезде онда жетілу, даму болады. Сондай-ақ бір жұмысты көптеген жылдар бойы орындау нәтижесінде туындайтын «кәсіби деструкция» деген ұғым бар. Егер жұмыс күнінен кейін адам өзінің іс-әрекетін өзгертпесе және оның хоббиі жұмысының жалғасы болса, жағдай нашарлауы мүмкін. Бірақ негізгі кәсібімен байланысты емес, сүйікті істер адамға ішкі үйлесімділікті сақтауға және өмірдің әртараптығын жалғастыруға мүмкіндік береді. Әрине мамандар өзіңізге ұнайтын мамандықты таңдауға кеңес береді және хоббиді одан тыс жерде қалдырған жөн екенін айтады.
Сүйікті хоббиіңізді таба білу күнделікті өміріңізді жалықтырмауға және өмірден ләззат алуға мүмкіндік сыйлайды. Сүйікті ісімен айналысатын адамдар өздеріне сенімді, күйзелістен аулақ және керемет өмір сүреді. Өзіңізге ұнайтын нәрсені білу үшін сіз өзіңізді тыңдап, міндетті түрде тырысып көруіңіз қажет. Тырыспасаңыз, ешнәрсені анықтай алмайсыз.
Сүйікті іспен айналысу бұл – өмірдің әсемдігін сезініп, қуанышқа кенеліп, сезімнің шексіз ағынына бөленіп және алға ұмтылудың қуатты стимулы. Хобби табу дегеніміз – жанға пайдалы іс табу. Ақша, атақ үшін емес немесе материалдық қажеттілектер үшін емес. Хобби – ол шексіз нәрсе, эмоциялардың сарқылмас көзі. Құндылықтарға, мінез ерекшеліктеріне және жеке қасиеттерге сәйкес таңдалған хобби – өмірді әсемдеуге арналады. Өзіңізге ұнайтын хоббиді тауып, өзіңізді жарқын эмоциялармен қамтамасыз етіңіз.
Жансая ТІЛЕУ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!