20 қарашада Тараз қаласында «Мемлекеттік қызметтердің сапасы: 20 жылдық эволюция және жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының М.Х. Дулати атындағы Тараз университетімен және Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабымен бірлесіп ұйымдастырған алғашқы ғылыми-тәжірибелік форматтағы шара.
Конференция Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдық мерейтойына орай өткізілді. Жиынға орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, цифрландыру саласының сарапшылары, ғылыми және салалық ортадан келген зерттеушілер, сондай-ақ Мемлекеттік корпорацияның өңірлік филиалдарының қызметкерлері қатысты.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев өз сөзінде бұл шараның Мемлекеттік корпорация тарихындағы алғашқы ғылыми-тәжірибелік конференция екенін атап өтіп, Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұмановқа іс-шараны оқу орны базасында өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
«Жиырма жыл ішінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары үлкен жолдан өтті. Енді алдағы даму кезеңінде жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Біздің мақсат – тәжірибемен бөлісу ғана емес, сарапшылардың пікірін тыңдап, үздік халықаралық практикаларды меңгеру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған заманауи тәсілдерді қалыптастыру. Бұл алаң жаңа бастамалар мен серіктестіктерге жол ашады деп сенемін», – деді Арман Кенжеғалиев.
Сондай-ақ, ғылыми-практикалық конференцияға қазақстандық мамандармен қатар шетелдік спикерлер де қатысты. KAIST профессоры Сэбом Джин, Грузия Әділет үйі басшысының орынбасары Наталья Абашмадзе және Әзербайжан Президенті жанындағы Азаматтарға қызмет көрсету және әлеуметтік инновациялар жөніндегі мемлекеттік агенттіктің өкілі Канан Османов өз елдерінің тәжірибелерін таныстырды. Олардың баяндамалары цифрлық мемлекеттік басқару тәжірибесіне, сервистік реформаларға және инновациялық шешімдерді енгізуге арналды.
Конференция бағдарламасы ХҚКО қызметін талдауды, цифрлық трансформация мәселелерін және мемлекеттік қызмет көрсетудің үздік халықаралық тәжірибелерін қамтыды. Секциялық талқылаулар барысында отандық және шетелдік тәжірибелер салыстырылып, сервистік инфрақұрылымды дамыту бағыттары айқындалды.
Шара жыл қорытындысын шығаруға арналған маңызды алаңға айналып, мемлекеттік органдар мен халықаралық серіктестер арасындағы жаңа өзара іс-қимылдың орнауына серпін берді.
Маңыздысы, Тараз университеті Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп «Мемлекеттік қызметтерді басқару» білім беру бағдарламасын іске қосқан алғашқы серіктес оқу орны. Бұл бағдарлама түлектері мемлекеттік қызметтер жүйесін дамытуға үлес қосатын жас мамандар қатарын толықтырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!