Фото: ауыл шаруашылығы министрлігі
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақмола облысындағы жылқылардың жаппай қырылуына не себеп болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға орнына барған министрлік мамандарының айтуынша, облыстың кейбір ауылдарында жайылымды толықтай мұз қаптап, жылқы бағу мүмкін болмай қалған. Жылқылар аштықтан қырылған.
Бұл аудандарға ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайыржан Байжанов, мал шаруашылығы басқармасы директорының орынбасары Ерлан Ілиясов және т.б мамандар барды.
«Халықтың басым бөлігі жануарларын жеке қожалықтарында ұстайды, жайылымда тек иелері қалаларда және басқа елді мекендерде тұратын жануарлар ғана жайылып жүр», – делінген министрлік хабарламасында.
Жалғызқарағай ауылында жылқылар қатты әлсірегендіктен, оларды ауылға жақын маңға айдап әкеле алмаған. Сонымен қатар көптеген жылқылардың аяқтары мұз сынықтарынан жарақат алыпты.
«Аудандарды аралау кезінде мамандар 13 бас жылқының өлу фактісін тіркеді. Жылқылардың қырылуына мал иелерінің қыс мезгілінде жылқыларды қораларда ұстамауы және талапқа сай жем-шөп қорын дайындамауы себеп болған», – дейді мамандар.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір жеке шаруа шаруашылықтардағы 73,5 мың бас жылқы атқораларға ауыстырылған. Күндізгі жайылымда 71 мыңнан астам жылқы қалды. Түнде олар қосымша жем-шөп берілетін арнайы қораларға айдалады. Облыста жедел штаб құрылды.
Ақмола облысының ветеринария басқармасының мәліметінше, облыста 2023 жылдың желтоқсан айынан бүгінгі күнге дейін 117 бас жылқы өлімі орын алса, ол жылқылардың 27-сі ғана тіркелген. Қалған жылқылар тіркеуде жоқ, иелері де белгісіз.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында жылқылардың аштықтан қырылып жатқаны туралы жазған едік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!