Фото: depositphotos.com
Полиция азаматтарға интернеттегі алаяқтардың әрекеттері туралы айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы қаласының полиция департаменті интернет алаяқтықтың ең көп тараған әдісін айтып, тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Киберқылмыспен күрес қызметінің мәліметінше, алаяқтар көбіне танымал интернет дүкендер мен жарнама платформаларында тауарлар немесе қызметтер туралы хабарландырулар жариялайды.
«Олар ұсынылып отырған мүліктің немесе қызметтің құнын әдеттегіден төмен қоя отырып, жәбірленушілердің назарын аударады. Әдетте алаяқтар тауарды тез арада сатуы қажет екенін, төмен баға сирек кездесетін мүмкіндік екенін айтып, алдын ала төлем жасауды талап етеді. Құрбандардан банк картасына немесе электрон әмиянға ақша аудару сұралады. Бірнеше күн бойы «сатушы» тауарды жеткізетінін айтып, уәде бергенімен, кейін із-түссіз жоғалып кетеді», – деп ескертті полиция.
Алаяқтар өз әрекеттерін жүзеге асыру үшін электрон төлем жүйелерін және үшінші тұлғаларға тіркелген банк карталарды пайдаланады.
Полиция азаматтарды сақтыққа шақырып, аңғалдық танытпауға, күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға кеңес береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!