Фото: elorda.info
Кейінгі жылдары еңбек нарығы көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Бір кезде сұранысқа ие болған мамандықтардың өзі бүгінде өзектілігін жоғалтып, олардың орнын жаңа, заманауи бағыттар басуда. Осындай жағдайда «жас маманға жұмыс бар ма?» деген сұрақ көпшілікті алаңдататыны заңды.
Бүгінгі еңбек нарығында дипломнан бұрын дағды маңыздырақ бола бастады. Жас мамандар көбіне тәжірибенің жоқтығынан жұмыс табуда қиындыққа тап болады. Алайда бұл жерде мәселе тек жұмыс берушіде емес. Нарық талаптары өзгерді. Қазіргі таңда жұмыс берушілер тек теориялық білімге емес, нақты нәтиже көрсете алатын, бейімделгіш, бірнеше бағытты қатар меңгерген мамандарды іздейді.
Сарапшылардың айтуынша, алдағы бес жылда еңбек нарығында мүлде жаңа бағыттар қалыптасады. Әсіресе цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректерді талдау, цифрлық маркетинг, экология және «жасыл экономика» салалары қарқынды дамиды. Сонымен қатар онлайн білімберу, контент жасау, UX/UI дизайнсияқты бағыттар да кеңінен сұранысқа ие болмақ. Яғни болашақ мамандықтар технология мен шығармашылықтың тоғысқан тұсында пайда болады.
Ал кейбір мамандықтар біртін деп маңызын жоғалта бастайды. Қара пайым қайталанатын жұмысты талап ететін қызметтер, мысалы, кассирлер,операторлар, кейбір бухгалтерлік және құжат айналымына қатысты мамандықтар автоматтандырудың әсерінен қысқарады. Бұл толық жойылады деген сөз емес, бірақ олардың форматы өзгереді. Адам еңбегін техника алмастыра бастаған сайын, қарапайым орындаушы емес, ойлай алатын мамандар қажет болады.
Осындай өзгерістер жағдайында жас маман қандай жолды таңдауы керек? Ең алдымен, үздіксіз білім алу дағдысын қалыптастыру маңызды. Бір дипломмен шектелу – бүгінгі күні үлкен қателік. Қосымша курстар, тәжірибе, өзін-өзі дамыту – табыстың негізгі кілті. Екіншіден, бір ғана мамандыққа байланып қалмай, бірнеше бағытта қабілетті болу қажет. Мысалы, маркетолог тек жарнама жасаумен шектелмей, аналитиканы да түсінуі тиіс.
Сонымен қатар, коммуникация, сыни ойлау, уақытты басқару сияқты «жұмсақ дағдылардың» рөлі артып келеді. Бұл қасиеттер кез келген салада сұранысқа ие. Ал технологияны игеру – қазіргі заманның міндеті. Қай салада жүрсе де, цифрлық құралдарды меңгерген адам бәсекеде ұтылмайды.
Еңбек нарығы бұрынғыдай тұрақты емес. Ол үнемі қозғалыста. Сондықтан бүгінгі жас маманға ең қажет қасиет – икемділік. Өзгеріске бейімделе алған адам ғана ертең өз орнын таба алады. Ал кім уақыт талабын ескермесе, сол нарықтан шет қалуы мүмкін.
Камилла САҒЫНДЫҚОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!