Бүгінде елімізде инклюзивті білім беру жүйесі кеңінен енгізіліп келеді. Бұл – ерекше білімді қажет ететін балалардың да жалпы білім беру мекемелерінде өз қатарластарымен бірдей дәрежеде білім алуына мүмкіндік беретін игі бастама. Алайда осы бағытта жүріп жатқан өзгерістер қоғамда түрлі пікір тудырып отырғаны да жасырын емес.
Инклюзивті балалар – ерекше балалар. Олардың мінезі, дамуы, қабылдау қабілеті өзгеше болуы мүмкін. Кейбірі дене бітімі жағынан, енді бірі психологиялық жағынан ерекше қолдауды қажет етеді. Алайда бұл оларды кемсітуге себеп емес. Бұл – олар бізден тек сәл ғана басқаша деген сөз.
Ата-аналар арасында «мұндай балалармен бірге оқыса, менің баламның дамуына кері әсер етпей ме?», «оқу процесі баяуламай ма?», «мұғалім оларға ғана көңіл бөледі» деген сияқты күмәнді сұрақ көп. Мұндай уайымның тууы, әрине, заңды. Әр ата-ана баласының болашағына алаңдайды. Бірақ осы сұрақтардың ар жағында түсініспеушілік пен стереотиптер тұр.
Инклюзивті білім беру жүйесі – тек ерекше балалар үшін ғана емес, бәріміз үшін маңызды. Бұл – ортақ өмір сүруді, әртүрлілікті қабылдауды, мейірімділік пен төзімділікті үйрететін орта. Ерекше балаға қоғам керек, бірақ қоғам да оны қабылдай білуге ынталы болуы тиіс. Себебі олар бізге адам болудың, өзгелерді тыңдай білудің, қабылдай білудің, көмектесе білудің не екенін күн сайын көрсетіп отырады.
Иә, инклюзивті балалар кейде көбірек зейінді қажет етеді, сабақты баяу қабылдайды, ерекше тәсілдермен оқытылады. Бұл – оқу үдерісіне қосымша талаптар жүктейтіні анық. Бірақ біз оларды шеттету арқылы мәселені шешеміз бе? Әлде өз ішіміздегі түсінбеушілік пен шыдамсыздықты күшейте түсеміз бе?
Көптеген елде инклюзивті қоғам құру – дамыған ел болудың бір көрсеткіші саналады. Себебі өркениетті ел – өз ішінде ешкімді бөліп-жармайтын ел. Бұл – тек білім беру саласына ғана қатысты емес, жалпы қоғамның мәдениетіне, рухани деңгейіне тікелей байланысты.
Шеттету – ең жеңіл жол. Бірақ оның қауіпті екенін ескергеніміз жөн. Шеттетілген әр бала болашағына деген сенімін жоғалтады. Ал қабылданған, түсіністік тапқан, қолдау көрген бала – ертең қоғамның белсенді мүшесіне айналуы мүмкін.
Инклюзивті орта – тек ерекше балалардың ғана емес, барлық балалардың өмірлік сабағы. Мұндай ортада тәрбиеленген бала өскенде әртүрлі адаммен тіл табысуды, әрқайсысының ерекшелігін қабылдауды, түсіністікпен қарауды үйренеді. Бұл – текмектеп қабырғасындағы дағды емес, өмірлік ұстаным.
Сондықтан да біз қоғам болып, әсіресе, мұғалім, ата-ана, тіпті көрші ретінде осы өзгерісті дұрыс қабылдай білуіміз керек. Қоғамдағы әр бала – біздің ортақ байлығымыз. Олардың әрқайсысы өз мүмкіндігінше өмір сүріп, өз орнын табуы тиіс. Ал біз, ересектер, осыған жағдай жасап, ерекше балаларға жолашуымыз керек.
Біз болашақ ұрпақты тек ғылым-білімге ғана емес, адамгершілік пен жүректің жылуына да тәрбиелеуіміз тиіс. Себебі адам болу – ең алдымен, адамды қабылдай білу екенін ұмытпайық, құрметті оқырман.
Бифатима БИМОЛДИНА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!