Бүгінгі заманғы білім беру жүйесі барлық білім алушыларға тең мүмкіндік беруді басты мақсат етеді. Осы тұрғыдан алғанда, инклюзив білім беру ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушыларды жалпы білім беру ортасына кіріктіріп қана қоймай, олардың тұлғалық дамуын, өз мүмкіндігін сезінуін қамтамасыз ететін маңызды бағыт.
Инклюзив сыныптағы педагог-ассистенттің қызметі осы үдерісте ерекше мәнге ие. Ол білім алушыға тұрақты көмек көрсететін тұлға ретінде емес, оның дербестігін біртіндеп қалыптастыратын негізгі тетік ретінде қарастырылады. Білім алушы дербестігі – баланың өз оқу әрекетін ұйымдастыра алуы, шешім қабылдауы, жауапкершілік алуы және әлеуметтік ортада өз орнын табуы. Ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушылар үшін бұл қасиеттер өздігінен қалыптаса қоймайды, сондықтан мақсатты педагогикалық қолдауды талап етеді. Дәл осы жерде педагог-ассистенттің рөлі айқын көрінеді. Ол білім алушыға тапсырманы орындауда бағыт-бағдар беріп, көмектің көлемін біртіндеп азайта отырып, баланы өз бетімен әрекет етуге үйретеді.
Педагог-ассистенттің инклюзив сыныптағы рөлі
Инклюзив сыныпта педагог-ассистент мұғалім мен білім алушы арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Ол оқу тапсырмаларын білім алушының жеке ерекшелігіне бейімдеп, күрделі әрекеттерді жеңіл әрі түсінікті қадамдарға бөледі. Ассистенттің басты міндеті – білім алушыны өзіне тәуелді етіп қою емес, керісінше, оның ішкі әлеуетін ашу. Уақыт өте келе педагог- ассистент белсенді көмектен бағыттаушы, бақылаушы рөлге көшеді. Бұл тәсіл білім алушының өз күшіне деген сенімін арттырып, дербес әрекетке ынталандырады.
Төмендегі кестеде педагог-ассистенттің әрекеті мен білім алушы дербестігінің қалыптасуы арасындағы байланыс көрсетілген.

Білім алушы дербестігін қалыптастыру педагог-ассистент пен мұғалімнің бірлескен жұмысы арқылы нәтижелі жүзеге асады. Мұғалім оқу мақсаттарын белгілеп, жалпы оқу үдерісін ұйымдастырса, педагог-ассистент сол мақсаттарға жетудің жеке, икемді жолдарын жүзеге асырады. Екі маманның өзара келісілген әрекеті білім алушыға көрсетілетін қолдаудың шамадан тыс немесе жеткіліксіз болмауын қамтамасыз етеді. Бұл білім алушының өз мүмкіндігін толық ашуына жағдай жасайды.
Қорытындылай келе, инклюзив сыныптағы педагог-ассистент білім алушы дербестігін қалыптастырудың негізгі тетігі. Ол білім алушыға дайын шешімді ұсынбай, өздігінен әрекет етуге, жауапкершілік алуға және белсенді болуға үйретеді. Педагог-ассистенттің жүйелі және мақсатты қолдауы нәтижесінде ерекше білім беру қажеттілігі бар білім алушы оқу үдерісінің толыққанды қатысушысына айналып, болашақта қоғамда өз орнын таба алатын дербес тұлға ретінде қалыптасады. Сондықтан педагог-ассистент қызметін дамыту және оны инклюзив білім беру жүйесінде тиімді пайдалану бүгінде өзекті міндеттердің бірі.
Луиза БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
№212 мектеп-гимназиясының
педагог-ассистенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
