Қазіргі заманның басты ерекшелігі – ақпарат ағынының тым көптігі. Бұрын ақпарат көздері шектеулі болатын. Ал бүгінде ақпарат соншалық көп, оны өңдеуге адам миының мүмкіндігі жетпей жатады. Ақпарат өміріміздің әр саласына мықтап енді: көшеде жарнамадан көз сүрінеді, үйде теледидар ақпарат тасқынын ұсынады. Алайда ақпараттың ең ірі көзі – интернет пен оған қосылған компьютер және ұялы телефон. Қазіргі адамның өмірін сәт сайын ақпаратқа тәуелді және онсыз өмір сүре алмайтындай елестетеміз.

Бүгінгі балалар ақпаратқа қол жеткізу тұрғысынан ересектерге тәуелді емес. Қазіргі заман балалары – «бас бармақ ұрпағы» деп аталады, себебі олар ақпаратты тез меңгеріп, тіпті ересектерден де көп біледі. Дегенмен ақпарат пен білімнің айырмашылығы бар екенін естен шығармаған жөн. Ақпаратты тек жеткізу жеткіліксіз, заманауи студенттерге жаңа көзқарас, тың тәсілдер мен тиімді әдістер қажет.

Қазір білім беру жүйесінде оқытудың мазмұны мен формасын түбегейлі өзгерту қажеттілігі туындап отыр. Осы тұста эдьютейнмент пен геймификация ұғымын ерекше атап өту керек. Ұлы Сократ «Таным таңғалудан басталады» деген болатын. Қазіргі балаларды таңғалдыру оңай емес, өйткені олар үшін ақпарат қолжетімді әрі көп.

Студенттер қазірдің өзінде көптеген мәліметтен хабардар. Сондықтан дәстүрлі лекция түріндегі сабақтар оларға қызықсыз болуы мүмкін. Егер мұғалім тек оқулықтағы мәліметті қайталаумен шектелсе, студент оқу үдерісінің белсенді қатысушысы болудан қалады.

Міне, осыдан эдьютейнменттің маңыздылығы туындайды. Бұл – білім алушылардың оқуына қызығушылығын арттырып, оларды үйренуге ынталандыратын заманауи тәсіл.

«Эдьютейнмент» (ағылшынша edutainment) сөзі education (білім) және entertainment (көңіл көтеру) ұғымдарының қосындысынан шыққан. Бұл – білім беру үдерісін ойын арқылы қызықты етіп ұйымдастыру дегенді білдіреді. Ғалымдардың пайымдауынша, ойын барысында балалар жаңа білімді жеңіл меңгереді әрі ұзақ есте сақтайды.

Кейбіреулер үшін оқытудың бұл тәсілі әдеттен тыс көрінуі мүмкін. Өйткені қоғамда білім алу – «инемен құдық қазғандай» ауыр еңбек деген түсінік қалыптасқан. Мұндай көзқарас балалардың оқуға деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Олар табиғатынан ойынқұмар болғандықтан, білім беру жүйесінің де осы ерекшелікті ескергені жөн.

Эдьютейнменттің басты артықшылығы – оқыту үдерісін қызықты етіп ұйымдастыру арқылы білім алушыларды белсенді қатысуға ынталандыру. Сабақ барысында тек ақпарат берумен шектелмей, шығармашылық, ойын және практикалық тапсырмаларды енгізу – білімнің жақсы меңгерілуіне себеп болады.

Сабақтың әр минуты баланың зейінін ұстап тұруы керек. Эдьютейнмент осы мақсатты көздейді: білім алушылардың қызығушылығын арттыру арқылы оларды өздігінен ізденуге, танымдық әрекетке жетелейді.

Осы қағидаларды негізге ала отырып, мен «Тағам Special» атты жобалық жұмысымды әзірледім. Бұл жоба – студенттердің қызығушылығын арттырып, практикалық білім мен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.

Жобаның мақсаты – студенттердің адами, әлеуметтік және кәсіби капиталдарын дамыту.

Адами капитал – еңбек ету мүмкіндігін арттыратын білім, білік және дағды жиынтығы.

Әлеуметтік капитал – топта тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ортақ құндылықтар жүйесі.

Кәсіби капитал – кәсіби құзыреттер мен шеберліктердің жиынтығы.

«Тағам Special» жобасы арқылы білім алушылар тек теориялық білім алып қана қоймайды, сонымен қатар практикалық дағдыларын дамытып, өмірлік маңызды құндылықтарды меңгереді.

Гүлнәз ҚАРАСАЙ,
Қазалы аграрлы-техникалық
колледжінің өндірістік оқыту шебері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!