«Бұрынғы өткен заманда» (1960-90 жылдары) ақпарат көздері өте аз еді. Ал бүгінде біз басқа уақытты бастан кешудеміз. Қазіргі заманның ең басты ерекшелігі, керісінше, ақпараттың тым көптігінде.
Кешегі күні біз ақпарат көздерін іздесек, бүгінде ақпараттың көптігінен тіпті бас сауғалайтын дәрежеге жеттік. Ақпарат өмірімізді мықтап жаулап алған: көшеде жарнамадан аяқ алып жүре алмайсың, үйде теледидар ақпараттың көп бөлігін ұсынады, бірақ ақпараттың ең үлкен көзі – интернет және оған қосылған компьютер мен ұялы телефон. Өміріміздің әр мезеті ақпаратқа тәуелді, онсыз өмір жоқ сияқты болып көрінеді.
Бүгінгі балалар ақпаратқа қол жеткізу тұрғысынан бұрынғыдай ересектерге тәуелді емес. Бүгінгі «бас бармақ ұрпағы» тіпті ересектерден де көп біледі. Алайда білім дегеніміз тек ақпараттан тұрмайтыны бәрімізге аян. Демек, студенттерге баяғыдай ақпарат тасымалдаумен айналыспай, үйретуде басқа идея мен ұстанымдарды, өзгеше амал мен құралдардыпайдалану қажеттілігі бүгінгі күні туындауда.
Ендігі кезек оқытудың мазмұны мен формасын өзгертуге бағытталған эдьютейнмент пен геймификация туралы болмақ. Ғұлама Сократ баяғыда «Таным таңғалудан басталады » деп таным мен білім алудың негізгі шартын анықтап кеткен. Бүгінде балаларды таңғалдыру оңай емес. Өйткені олар үшін ақпарат көздері қолжетімді.
Әрине, көп мәліметтен хабардар студенттердің дәстүрлі сабақ барысында ынталары жоғары болмайтыны сөзсіз. Егерде мұғалім оларға репродуктивті тұрғыдан оқулықта берілгенді тасымалдап тұрса, бұл ақпаратпен таныс әрі оқу процесінің белсенді қатысушысы болғысы келетін студенттерге бұл әрекеттердің қызықты болмасы анық. Ал эдьютейнмент ұғымы студенттерді таңғалдырып, олардың оқып, үйренуге деген қызығушылығын тудырып, білім алуға ынталандырумен байланысты.
«Эдьютейнмент» термині (edutainment) – ағылшынның екі сөзінің қосындысы: education (білімберу) мен entertainment (ермек, көңіл-көтеру). Демек, бұл термин ойын, ойнау арқылы үйрету дегенді білдіреді: эдьютейнмент – білім алушылардың оқуын қызықты қылып ұйымдастыру. Білім алушылар ойнап жүріп үйренгенде көп нәрсені жадына түйіп алатынын психологтар бұрыннан байқаған.
Оқу мен оқытуды қызықты жасап, көңілді түрде өткізу идеясының барлық адамға ұнауы екіталай, өйткені біздің ұғымымызда білім игеру – «инемен құдық қазғандай», яғни өте ауыр жұмыс, мұнда еш қызыққа жол жоқ, мұнда асқан шыдамдылық пен төзімділік керек, жоғары тәртіп қажет, өзіңді ұзақ уақытқа орындыққа шегелеу керек. Алайда балалардың бұл жұмысқа деген зауқы жоғары болмауы заңды, өйткені олардың көңілі далада, ойында. Аталарымыз бекерден бекер оларды «ойын баласы» деп атамаған болар.
Демек, эдьютейнмент дегеніміз оқытуды қызықты жасау, көңіл көтеру арқылы үйрену, үйренуде көңіл көтеру. Көңілді оқытудың негізі – үйретуді қызықты жасау, қарапайым түрде білім алушыларға түсінікті етіп ұйымдастыру, кез-келген сабақты іш пыспайтындай етіп өткізу: эдьютейнмент оқушылардың қызығушылығын оятып, оларды мотивация арқылы оқыту (білім беру), қызықты нәрселерді қызығып жасау. Ойнап жүріп үйрену – әрі қызық, әрі жеңіл әрекет.
Сонымен, эдьютейнментті оқытудың ерекше түрі деп атауға тұрарлық. Оның негізінде білім алушыларды қызықтыру арқылы оқу материалына назарын аудартып, оларды таным үдерісіне белсенді түрде қатысып, өздігімен танып, үйренуге ынталандыру. Міне, осы дүниелерді ескере отырып, инновациялық білім берудің дамуына бағытталған «Тағам special» жобалық жұмысын әзірледім.
Адами капитал – жұмыскердің еңбек ету мүмкіндігін, олардың еңбегінің жемісті болуын, еңбек өнімділігі мен сапасын көтеретін білім, біліктілік ілім, тәжірибе нысанында адамдарға салынатын капитал.
Әлеуметтік капитал – бұл жеке адамдарға жалпы мақсатқа тиімді жету үшін топта бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ортақ құндылықтар жиынтығы.
Кәсіби капитал – кәсіби құзіреттіліктердің жиыны. Шеберлігі.
Жоба аясында білім алушылардың кәсіби деңгейі артып, бойында өмірлік постулат қалыптасады.
Гүлнәз ҚАРАСАЙ,
Қазалы аграрлы-техникалық
колледжінің өндірістік оқыту шебері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
