Ешқашан ата-анадан жырақ, интернат не жатақханада тұрып көрмеген, қазіргі тілмен айтқанда, комфорт зонасынан шықпаған кісінің бірі – менмін. Әкем мен шешем қашан да қасымнан табылып, қажеттілігімнің бәрін қамтамасыз етеді. Сол себепті ме, әйтеуір интернатта тұратын таныс-білістің өміріне қызығатынмын. Жатақхананың вайбы бөлек. Өзіңмен құрдас-қатарластармен тұрудың қызығы өз алдына бір бөлек әңгіме ғой, шіркін… Қызығы мен шыжығын Шерхан Мұртазаның “Интернат наны” әңгімесінен тереңінен түсінгендей болдым. Мүлде бөлек тұсынан…
Үй-жайдан жырақ, ата-анадан алыс, тілім нанға “тойып” жүру өте қиын. Айлап аңсаған ата-анаңды бір көрудің өзі қандай бақыт?! Әкелген құрт-майы, шелпектері ше? Бір сәт шаңырақтағы бала-шағаның аузынан жырып әкелгенін есіңе алсаң, асың «атауға» айналып, асауға арың бармай, іштей қынжылып та аласың. Бірнеше айлық мауқыңды бір мезетте басу қиын, әрине. Бірақ, амал қанша? Тәртіптің аты қашан да тәртіп!
Интернатта өскен бала мен үй баласының арасы көк пен жердей. Үйдегі баланың жөні бөлек. Интернат баласына бітетін бірінші қасиет – жауапкершілік. Өзіңе өзің жауап беріп, өзіңді өзің қорғап, асыраушың да өзің атанатын шақ. Өз бетіңмен шешім қабылдауға бейімделетін шақ. Ал, келесі қасиет – тәртіп. Дисциплинаға үйренген адамның өмір салты өзгеше. Бір уақытта оянып, бір уақытта ұйқыға кету. Күнделікті бір тамақты ішу, тапсырманы бір мезгілде орындау. Күн сайын көретінің бір адамдар. Бұл факторлардың бәрі тәртіпке ғана емес, тұрақтылыққа да тіреледі. Әрекет әдетке, әдет өмір салтына айналатын сәт осы.
Адамгершілік. Адалдық. Бұл құндылықтарды да дәл осы жерде бойыңа сіңіресің. Достыққа адал боп, біріңді бірің сатпай, бірлікте берекенің барын ұғынасың. Ортаның әсерін осында ұғынасың. Жіпке тізсең, жүзден асады.
Мен түйген ой. Интернаттың берер наны – автор айтқандай, «тілім қара нан» емес, меніңше. Интернат берер нан бөлек. Бір қалта бидай, қуырылған жүгері не құрт та емес. Интернат берер нан – тұлға болып қоғамда бекініп орнығуға қосар үлес. Үлкен өмірге бастаушы қадам. Ерте жетілу. Қатыгез қоғамда бәсекеге қабілетіңді шыңдай отыра, шынайы адамдық қасиеттердің құнын білу. Біліп қана қоймай, бойыңа сіңіру. Қара нанның қасиетін білу. Қулыққа да бару бар арасында. Бірақ қашанда адам болып қалу қағидасын ұстану. Міне, осы. Интернат беретін нан – осы. Бұл «нанның» өзгешелігі – қашанда саған азық болады. Қашанда қарныңды тойдырады. Қиқымына дейін киелі «нан».
Мерей Көшербай,
Қорқыт Ата атындағы, Қызылорда университетінің
2 курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!