Фото: ашық дереккөзден

Интернет пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адам өмірін жеңілдеткенімен, көлеңкелі әрекеттердің де таралуына жол ашты. Бүгінде интернет алаяқтық қаржылық шығынмен қатар азаматтардың жеке мәліметтеріне қауіп төндіруде.

Мәселен, Қызылорда облысында кейінгі 9 айда аталған қылмыс бойынша 199 дерек тіркелсе, жедел іздестіру шаралары барысында 74 қылмыстық іске қатысты күдікті тұлғалар анықталған. Нүктесі қойылмаған бұл мәселе бойынша шаралар қолға алынып, «CyberPol» жедел тергеу тобы құрылды. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Тоқтыбаев толығырақ айтып берді.

– Облыстық прокуратура және Полиция департаментінің бірлескен бұйрығымен «IT-TERGEU» интернет- алаяқтықты ашу бойынша облыс орталығында «CyberPol» жедел тергеу тобы құрылды. Топқа 2 прокурор көмекшісі, 3 тергеуші, 2 жедел уәкіл және 1маман-криминалист жасақталған. Жоба барысында 4 аппараттық- бағдарлама сатып алынды. Олардың көмегімен жәбірленушілерге келтірілген 200 миллион теңгеден астам залал бойынша 81 қылмыс дерегі ашылды. Мұнан бөлек 53 қылмыскер құрықталды, – деді Серік Тоқтыбаев.

Спикер өңірде жиі кездесетін интернет алаяқтықтың түрлеріне тоқталды. Қазір ұялы байланыс операторының атынан хабарласып сим-картаны қолдану мерзімін ұзарту үшін код сұрайды. Сол секілді банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерге қол жеткізу көбейген. Сонымен қатар Whatsapp арқылы шұғыл түрде қарыз сұрау, қаржыңызды пайыздық мөлшерлеме арқылы көбейтіп беру және әлеуметтік желілерде жылдам пайда әкелетін жалған инвестицияларды жарнамалау да кездеседі. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін бірнеше қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Мысалы жеке мәліметтер мен карта реквизиттерін жарияламау, аударым түбіртектерін, код пен құпиясөзді банк қызметкеріне де, полицияға да айтпау, «Anydesk», «AirDroid», «Кенгуру» секілді қосымшаларды орнатпау ұсынылады.

Мамандардың айтуынша, егер сіз алаяқтарға дербес ақпараттарыңызбен бөліссеңіз, ең алдымен картаңызды шұғыл түрде бұғаттап, банктік қосымшадағы жеке кабинетіңіздің құпия сөзін дереу ауыстыру қажет. Егер алаяқтар шотыңыздан қаражат шешіп үлгерсе, банкке және құқық қорғау органдарына шұғыл түрде жүгінген жөн.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!