Ақпарат – жаңа дәуірдің жойылмайтын басты қаруы. Бір ғана жалған ақпарат миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіруге қауқарлы. Технология дамып, көп нәрсеге қолжетімділік артқан сайын интернет алаяқтарының құрығы ұзаруда. Аталған мәселе тек Қазақстанның емес, әлемнің назарын аударатындай өзекті.
Технология дамып, көп нәрсеге қолжетімділік артқан сайын интернет алаяқтарының құрығы ұзаруда. Аталған мәселе тек Қазақстанның емес, әлемнің назарын аударатындай өзекті.
Осыған орай облыс көлемінде интернет алаяқтыққа қарсы іске асырылып жатқан іс-шаралар мен алдын алу туралы ОПД Криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Рустам Сайділдиновпен сұқбаттасқан едік.
– Рустам, интернет алаяқтықтың жиі кездесетін түрлеріне тоқталсаңыз…
– Мойындау керек, интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасу тетігі болып қоймай, сауда-саттықтың басты алаңына айналды.
Осы ретте ақпараттық технологиялар мен интернеттің мүмкіндіктерін мықты меңгерген алаяқтардың құрығы ұзарып, күн сайын мың құбылған алдап-арбау тәсілдеріне тыйым болмауда. Интернет-алаяқтардың басқалардан басты айырмашылығы – оларды анықтап, жауапкершілікке тартудың күрделігінде. Себебі қылмыс толығымен интернет арқылы жүзеге асатындықтан алаяқтың кім екені, қайда екені белгісіз. Шетелде жұмыс істейтін қылмыскерлерді табу тіптен қиын.
Әдетте алаяқтар жәбірленушілерді сауда-саттықтағы жалған жеңілдіктермен, қаржыны өте аз пайызбен еселеп берумен, тауарын тиімді шарттармен сатып алумен қызықтырады, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің атын жамылып, жақын туысының есірткі затымен ұсталып тұрғанын айтып, қаржы бопсалайтындар да бар. Интернет алаяқтық онлайн несие рәсімдеу сайттары, «OlX», «Binance» криптобиржа алаңдары, «Колесо.кз», «Крыша.кз» сайттары, whatsapp, instagram әлеуметтік желілерінде жиі кездеседі.
– Өңірдегі ахуалы қандай?
– Жыл басынан бері облыста алаяқтық қылмысы бойынша 29 дерек тіркеліп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 64 процентке төмендеді. Облыс тұрғындарына алаяқтардың арбауына түспеу, күнделікті интернет-алаяқтық қылмыстарын болдырмау мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы бейнероликтер әлеуметтік желілерге тұрақты түрде жарияланады. Сонымен қатар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ІІМ-нің өңірлік департаменттерімен бірлесіп, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «fingramota.kz» ресми сайты әзірленіп, жұртшылық назарына ұсынылды.
– Интернет-алаяқтықтың негізгі құрбандары кімдер?
– Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұялы телефонға байлаулы. Сондықтан интернет-алаяқтықтың құрбанын нақты жасқа бөлудің керегі жоқ. Жасөспірім оқушылардан бастап зейнеткер қарияларға дейін алданып жатады. Әсіресе, жасөспірімдерге қоңырау шалып, ата-анасының немесе өзінің жеке дерегін сұрасаңыз, ЖСН-номерін айтып береді.
Жақын туысыңыз, балаңыздың полицияға ұсталып қалғанын айтып, ақша сұрап хабарласса, алдымен сабыр сақтап, кезекші полицейден анық-қанығын біліп алған жөн. Қауіпсіздік қызметкерлерінің атын жамылып, ақша жымқырушылар көп. Телефон арқылы дұрыс ақпарат алмасаңыз, департаментке келіп, анықтауға болады. Бірден білмей жатып ақша аудармаңыз. Ешкімнің олай ақша сұрауға құқығы жоқ. Осы жағынан алдымен ересектер өз құқығын білсе, жасөспірімдерге, балаларына қаржылық сауаттылықты, құқығын үйретер еді…
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!