Жалағаш халқының тең жартысы көгілдір отынмен көңіл жылытып отыр. Қалған бөлігі табиғи отынға кезең-кезеңімен қосылмақ. Ал аудан халқының ауызсуға мұқтаждығы толық өтелген. Бүгінде жалағаштықтар инвестиция тартуға баса көңіл бөлуде. Өңірлік коммникациялар қызметінде аудан әкімі Ардақ Ибраимов бір жылдағы жұмыс нәтижелерімен бөлісті.
– Өткен жылы ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, барлық көрсеткіш жоғары деңгейде орындалды. Нақтырақ айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 102,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 108,2 пайызға, инвестициялар тарту 101,3 пайызға, бөлшек сауда 100,2 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 100 пайызға, тұрғын үй көлемі 104,3 пайызға, құрылыс жұмыстары 115,1 пайызға орындалды.
2025 жылға аудан бюджеті 9,2 миллиард теңге көлемінде қалыптасып, жыл көлемінде 9,5 миллиард теңгеге нақтыланып, 100 пайыз игерілді. Өз кірістеріміз 2,6 миллиард теңгені құрап, 116,8 пайызға орындалды, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Аудан әкімінің айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында аудан бойынша 2806 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, бүгінде оның 2727-сі, яғни 97 пайызы нақты жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бекітілген жоспарға тоқталды.
– Аудандағы 338 шаруашылықтың 202-сі егін шаруашылығымен, 136-сы мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы 209 шаруашылық 36 712 гектар алқапқа егіс ексе, оның 19 357 гектарын күріш егістігі құрады. Егін науқанының нәтижесі бойынша аудан «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша «Озат аудан» деп танылды.
2026 жылы 36 678 гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда, – деді Ардақ Ибраимов.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылғанын атап өтті. Ал көгілдір отынға келер болсақ, аудан халқының 50 пайызы яки тең жартысы газбен қамтылған.
Келесі кезекте Ардақ Әбдіғаппарұлы халықты жұмыспен қамту жайын баяндады.
– Өткен жылы аудан бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8 пайызды құрады. Ұлттық жоба аясында 16 жоба бойынша 175 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болса, нақты 183 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 105,1 пайызға орындалды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан осал отбасыларға қолдау көрсету мақсатында жыл басынан бері 160 млн теңгеге жуық қайырымдылық көмегі көрсетілді. Жұмыссыздықты төмендету үшін кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа бизнес бастамаларды қолдауға басымдық беріліп отыр, – деді аудан әкімі.
Білім беру саласына келер болсақ, өткен жылы ауданда 11-сыныпты 450 түлек тәмамдаған. Оның ішінде 16 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 48 түлек үздік аттестат алған.
– 2025-2026 оқу жылына дайындыққа 262,5 млн теңге бөлініп, 5 мектепке жөндеу жүргізілді, 3 мектеп жанынан жаңа спорт алаңдары салынды, 2 мектептің спорт алаңдары күрделі жөндеуден өтті. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйым 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен қамтылып, полиция бөлімдерімен толық интеграцияланды, – деді Ардақ Ибраимов.
Ауданда денсаулық сақтау саласының да тұрақты түрде дамып келе жатқаны көңіл қуантады. Мәселен, былтыр республикалық бюджеттен 338 миллион теңге бөлініп, Қаракеткен ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория салынған.
– Аудандық аурухананың медициналық қызмет сапасын арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында құны 62,4 миллион теңгені құрайтын заманауи ультрадыбыстық диагностикалық аппарат сатып алынды, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Сонымен қатар 98 миллион теңгеге рентген-маммографиялық және стационарлық цифрлық рентген-флюрографиялық аппараттар алынып, медициналық қызметке енгізілген.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!