Әдiлет органдары халыққа заң қызметін ұсынып, азаматтардың бостандықтары мен мүдделерін қорғайтын бірден бір орган. 2012 жылдан бастап 30 қыркүйекте атаулы сала қызметкерлері төл мерекелерін атап өтіп келеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық әділет департаментінің басшысы Ирина Бакишева мәлімдеді.

«Тарихы тереңде жатқан Әділет органы 1919 жылы құрылып, өзі өмір сүрген жүзден аса жыл ішінде ел өмірінде болған аса елеулі тарихи оқиғалардың бел ортасында болып, саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық өмірдегі күрделі өзгерістерге атсалысты. 1920 жылы Әділет халық комиссариаты ретінде құрылса, 1946 жылы Әділет министрлігі болып қайта аталды. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан соң Әділет органдары үшін жаңа кезең басталды. Әділет министрлігі және оның органдары түбірімен өзгеріп, жаңа сипатқа ие болды. Осылайша, өзінің сан қырлы қызметінің арқасында егеменді мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыру ісіне үлес қосып келеді. Бағдарланған міндеттер негізінде еліміздің әділет органдары жаңа кезең талабына орай мемлекеттік құқықтық реформаны қалыптастырып, жұмысын дамытып келеді.
Азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуде Әділет департаментіне жүктелген міндеттерді орындау бойынша жұмыс жалғасын таба бермек. Әділет органдарының өз функцияларын сапалы орындауы, халыққа тиімді қызмет көрсетуі, құқық үстемдігін қамтамасыз етуі, Әділет органдары қызметкерлерінің кәсібиліктері мен күш-жігерлеріне тікелей байланысты. Бүгінгі кәсіби мерекеде әріптестерімді құттықтай отырып, мықты денсаулық, әр отбасына бақ-береке, әділет жолындағы қызметтеріне табыс тілеймін»,-деді сала басшысы Ирина Жұмабайқызы.

Әділет департаментінің негізгі міндеттерінің бірі – құқықтық көмек пен заңгерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және құқықтық насихат саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру болып табылады. Бүгінде департамент мемлекеттік қызметтің 12 түрі көрсетеді. Сондай-ақ АХАТ мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметтерін әдістемелік қамтамасыз етеді, тіркеуге бақылау және мониторингтеу жұмыстарын жүргізеді және құжаттарға апостиль қояды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!