Фото: Instagram
Жұма күні Астанада «Қайырымдылық керуені» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Үміткерлер арасында шымкенттік блогер Ырысбала Икрамбай да болған. Бірақ ол ұйымдастырушылардың әрекетіне ренжіп, сыйлықтарын алмай қойған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Астанада Назарбаев қорының ұйымдастыруымен алтыншы мәрте «Қайырымдылық керуені» өтті. Соған мені Шымкент қаласының әкімдігі ұсыныпты. Оларға рахметімді айтамын. Астанадағылар мен секілді қайырымдылықпен айналысып жүргендерді іріктеген. Әрбір өңірден келген жұмыстармен танысқан. Мен республикалық деңгейге өтіппін. Сосын мені марапаттау рәсіміне шақырды. Таңертең репетиция болады. Алтыншы рет өтсе де, соны ұйымдастырушылардың қай жерлерімен ойланатынын түсінбедім. Атқарылған қайырымдылыққа бірінші, екінші, үшінші орын деп орындар тағайындаған. Сонда қайырымдылық адамның берген орынымен бағалана ма? Қайырымдылық деген ең бірінші Алланың разылығы үшін жасалады», – дейді Ырысбала Икрамбай.
Ол қайырымды жан мұндай ізгі-ниет іс-шарасын ешкімнен ештеңе күтпей істейтінін, ақкөңілмен жасайтынын еске салып өтті. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен «Қайырымдылық керуені» ұйымдастырушыларының әрекеті блогердің көңілін қалдырған.
«Сіздер оны қалай орынмен бөлесіздер? Менің істеп жатқан қайырымдылық жұмыстарымды «Мейірім жолында» деген номинацияның үшінші орынына лайық деп таныдық деп тұр. Өзі 7 номинация бар екен. Сендер қайырымдылыққа орын беретін кімсіңдер? Бұл не деген ақымақтық? Ол баста орын беретінін білмеппін. Әйтпесе, мұндай ақымақ істеріне барып, үлесімді қоспайтын едім. Маған орынды да, бағаны да беретін – халық. «Ақымақ бас екі аяқтың соры» деп Астанаға дейін келдім. Үшінші орын үшін беріп жатқан сертификат, қола медалі бар екен, итке сүйек лақтыратындай үлестіретін сыйлықтары маған керек емес. Үшінші орынды алып, өз құнымды түсірмеймін. Сендер үшін қайырымдылық істеп жатқан жоқпын деп, есікті тарс жауып кетім қалдым», – дейді блогер.
Ол жай мотивация үшін алғыс хат беріп жатса риза болатынын, ал оны орындарға бөлгені жүйкесіне тигенін айтты.
Еске салайық, Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің ғимаратында «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жобаны қорытындылау барысында 7 номинация бойынша байқау жеңімпаздары анықталады: «Асар», «Туған жер», «Мейірім жолында»,«Батыл жүрек», «Қайырымдылық тарихы», «Жануарға мейірім», «Бала жүрегі» номинациялары бойынша жеңімпаздар I, II және III жүлделі орындармен марапатталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!