Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, саланың құзыретті мамандарын тарта отырып, Яндекс Такси компаниясына аудит жүргізген. Аудиттен өту міндеті Яндекс Таксиге монополияға қарсы комплаенс аясында жүктелген болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Агенттік жүйенің архитектурасын, баға қалыптастырудың базалық және динамикалық компоненттерін зерттеді, сонымен бірге әуежай аймақтары мен қаланың орталығынан алыс аудандардағы ерекшеліктер, сондай-ақ операциялық процестер қамтылды», – деп хабарлайды агенттік.

Аудит компанияның баға саясатында біраз тәуекелдерді анықтаған. Компания оның біразын жойса, біразын енді жоямыз деп міндет алған.

«Атап айтқанда, агенттіктің хабарламасы негізінде пайдаланушыларға арналған адалдық бағдарламасының ережелері өзгерді, яғни,  Яндекс осы бағдарлама бойынша барлық шығынды өз мойнына алады», – деп жазған агенттік.

Ал, жалпы, енді Яндекс такси мына мәселелерді өзгертеді:  

  • такси тарифтерінің және жол жүрудің базалық құнының қымбаттайтыны туралы Яндекс Такси Агенттікке 3 күн бұрын хабар жібереді;
  • әуежай маңындағы кейбір тұрғын аймақтарды әуежай тарифтік аймағынан алып тастайды(1 апта ішінде);
  • жол жүрудің базалық құнынан екі есе асатын сомадан комиссия ұстамайды (бұл жүргізушілердің табысын арттыруға ықпал етеді);
  • «Эконом» тарифіндегі комиссияны әр қалада екі жылда бір реттен жиі қымбаттатпайды;
  • максималды сұраныс жағдайында тарифті үш еседен артық қымбаттатуға шектеу қояды (мысалы, ауа райы қолайсыз күндері немесе мереке күндері, мұндай сапарлар әр тоқсанда әр қалада барлық сапарлардың 5%-ынан аспауы керек, бұл талап нақты көрсетілген);
  • сұранысы төмен аймақтар үшін тариф құрамындағы қосымша төлем компонентін пайдаланушы қосымшасында түсінікті етіп көрсетеді;
  • 2025 жылдың 30 маусымынан кешіктірмей пайдаланушыларға сапар бағасының толық құрылымын қосымшада көрсетеді;
  • техникалық қолдау сапасын арттыру, атап айтқанда, пайдаланушылардың өтініштерін өңдеу алгоритмін оңтайландыру.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!