Қызылордада төрт күнге созылған «JASFest–2025» студенттік көктем өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Өңірдің колледж студенттері қатысқан бұл ауқымды шара жастардың шығармашылығын дамытып, өнерге деген құштарлығын ашуға және сахналық шеберлігін шыңдауға бағытталды.
Фестивальдің алғашқы күні «Popular Voice» байқауында қатысушылар эстрадалық және дәстүрлі әндер бойынша өзара бақ сынасты. Екінші күні заманауи және ұлттық би жанрларын қамтыған «Dance» байқауы өтті. Ал, үшінші күні мобилографтар сайысында жастар креативті ойларын, техникалық шеберліктерін танытса, төртінші күн театрландырылған көріністермен ерекшеленіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Фестиваль гала-концертпен қорытындыланып, барлық өнерпаздар марапатталып, үздіктер анықталды.
Биылғы «Студенттік көктем – 2025» атағына Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі ие болып, бас жүлдені жеңіп алды. Қалған қатысушы командалар да бағалы сыйлықтармен марапатталып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
JASFest – жастардың жан-жақты дамуына, өнерге деген ынтасын арттыруға серпін берген маңызды шығармашылық алаңға айналды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!