Елде ЭКО-ға жүгінетіндер саны жыл санап артуда. «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынған 2015 жылдан бері көрсеткіш 8 есеге өскен. Мәселен, он жылдай бұрын аймаққа 34 квота қаралса, 2024 жылы бұл сан 270-ке жетіп жығылды. Биыл бағдарлама аясында біздің өңірге 310 квота бөлініпті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл бағытта 285 әйелдің жолдама алғанын айтып отыр.
Бағдарламаға қатысып, үйінен сәби үнін есту үшін, бауырына шақалақты басу үшін өзін көп нәрседен тыйып, тірнектеп тиын жинап жүргендерді көріп жүрміз. Сөйтіп, еңбекпен көтерген баласы кейін жарық өмірге аман-есен келгені жақсы, бірақ кейде сол бақытқа жете алмай қалғандар тағы да бір мүмкіндік үшін тағы бірнеше жыл қаражат жинайды. Дей тұрғанмен, Қызылорда облысындағы әйелдердің ОСМС пен ГОБМП аясында ЭКО-ға тегін қатыса алатынын білесіз бе?
Қазақстанда бедеулік мәселесіне тап болған отбасыларға мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілуде. Соның бір дәлелі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС)жәнетегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ГОБМП) аясында жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы. Бұл бағдарлама арқылы экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) процедурасы азаматтарға тегін көрсетіледі.
Статистикалық мәліметтерке сүйенсек, Қызылорда облысында шамамен 175 мың әйел – репродуктивті жаста. Оның ішінде 6300-ден астам отбасы бедеулік диагнозымен тіркелген, ал бұл көрсеткіштің 60,4 пайызы әйелдер үлесіне тиесілі. Бүгінде 455 отбасы ЭКО квотасын алу кезегінде тұр, бұл бағдарламаға деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады.
Тоқтала кетейік, ГОБМП шеңберінде әйелдер мен ерлерге алғашқы консультация (акушер-гинеколог, уролог/андролог), бедеулікке бастапқы тексерулер, негізгі зертханалық талдаулар (жалпы қан және зәр талдауы, инфекцияларға скрининг), ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), ЭКО-ға жолдама беру үшін медициналық комиссиядан өту қарастырылған. Ал ОСМС жүйесі арқылы аналық бездерді гормональды стимуляциялау, фолликул пункциясы, экстракорпоралды ұрықтандырудың өзі, эмбриондарды өсіру (культивация), эмбрионды жатыр қуысына көшіру, ЭКО-дан кейінгі медициналық бақылау жүзеге асырылады. Демек, сіз үшін маңызды дерек осы, ЭКО-ға дайындықтың негізгі диагностикалық кезеңдері ГОБМП есебінен, ал қымбат әрі жоғары технологиялы репродуктивті процедуралар ОСМС аясында тегін көрсетіледі.
Бұл мүмкіндікке қол жеткізу үшін не істеу керек, қайда бару керегін де назарыңызға ұсынамыз. Ең әуелі, тіркелген емханаға барып, гинеколог пен басқа мамандардан тексеруден өтуіңіз керек. Содан соң, медициналық талдаулар тапсырып, комиссиядан оң шешім алу, квотаға ресми өтініш беру қадамдарынан кейін квота расталып, ЭКО-ға дайындық басталады.
Тағы бір айта кетерлігі, ОСМС пен ГОБМП аясында әйелдерге мұнан өзге де медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Бұл қатарда өзі тіркелген емханадағы гинекологтың қабылдауында болып, тексерілу, жүктілік кезінде дәрігер бақылауында болу және босану қызметтері де бар. Жатыр мойны обыры, сүт безі обыры сияқты қауіпті ауруларды ерте анықтау үшін арнайы скринингтік тексерулер де ақысыз жүзеге асады. Ал диспансерлік есепте тұрған әйелдер мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін де ұмытпаған абзал.
Қазақ «балалы үй – базар» деп бекер айтпаса керек. Соңына қалар бір тұяқты арман еткен қанша отбасы бар. Кейде ЭКО-ға жүгінуді қалтасы көтермей, тауы шағылып, алыстағы арманына қолы жетпеуі де мүмкін. Осындай кезде бұл арманға тегін, ақысыз қол жеткізуге болатынын ұмытпаңыз.
Мадина Тулепова,
«Бастамаларлы қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!