Қазақстандағы электр энергиясы тарифтерінің өзгеруі соңғы уақытта қоғамда үлкен талқылау тудырып отыр. Себебі тарифтердің өсуі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Әлқисса…
Басты себептердің біріне – өндіріс шығындарының артуын жатқызсақ болады. Қазақстанда электр қуатын өндіретін станциялар негізінен көмір, газ және мұнай өнімдерін пайдаланады. Бұл ресурстардың бағасы артқан сайын, энергия өндіру де қымбаттай түседі.
Бұдан бөлек, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі тарифтерге ықпал етеді. Қазіргі таңда еліміздегі көптеген электр станциясы мен тарату жүйесі ескірген. Оларды жөндеу және жаңарту үшін қосымша қаржы қажет, бұл өз кезегінде тарифтердің көтерілуіне алып келеді.
Сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздерін дамыту да тарифтердің өсуіне әсер етеді. Қазақстан үкіметі экологиялық таза энергия көздерін қолдауды мақсат еткендіктен, жаңартылатын энергия өндірушілеріне субсидиялар беріледі. Бұл шығындар электр энергиясының жалпы бағасына қосылады.
Қазақстанда 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап электр энергиясының бағасы көтерілуі мүмкін делінді. Оған Энергетика министрлігінің электр энергиясына шекті тарифтерді бекітуі себеп болды. Қазақстанның 36 энергия өндіруші ұйымы электр энергиясының шекті тарифтерін түзетуге өтінім берген. Сонымен қатар үш жаңа компания энергия өндіруші ұйымдар тізіміне кіру үшін тарифтерді белгілеу ұсынысын айтқан.
Министрдің бұйрығы 22 қаңтарға дейін талқылау үшін «Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына» жарияланды. Бұйрық жобасында энергия өндіруші ұйымдардың көпшілік тобы үшін шекті тарифтерді көтеру көзделген. Құжатта тек топтар көрсетілген. Ал осы топтарға сәйкес ұйымдардың атаулары Энергетика министрінің (05.12.2018 ж., № 476) бұйрығымен берілген.
Бірыңғай сатып алушы үшін электр энергиясының құнының өсуі кВт/сағ үшін шамамен 2 теңге болуы мүмкін. Энергия өндіруші ұйымдар тізіміне үш жаңа кәсіпорынды енгізу жоспарланып отыр. Бірақ олардың атаулары көрсетілмеген.
Электр энергиясының бағасының көтерілуіне бірнеше негізгі фактор ықпал етіпті. Айтуларынша, жалақының артуы бірінші себептің бірі. Энергетика саласындағы жұмысшылардың орташа жалақысы 2024 жылы 18%-ға өсіп, 425 мың теңгеге жетті. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіштің 15-20%-ға ұлғаюы мүмкін, нәтижесінде орташа айлық 490 мың теңгеге дейін жетеді. Министрліктің бұйрық жобасында «Жалақыны көтеру білікті мамандарды тарту және оларды саладан кетуден қорғау мақсатында жасалды» деп көрсетілген. Екінші, саладағы кадр тапшылығы. Энергетика саласында жұмыс істейтін мамандар саны 2024 жылдың қаңтар айындағы дерек бойынша 52,5 мың адамды құрады. Алайда штаттық қажеттілік 57 мыңды құрайды. Бұл 4,5 мыңнан астам маманның жетіспеушілігін білдіреді. Қызметкерлердің жетіспеуі – саладағы негізгі мәселелердің бірі. Өндіріс орындарында жұмыс күшінің азаюы тарифтердің көтерілуіне жанама әсер етеді, себебі кәсіпорындар бәсекеге қабілетті жалақы ұсынуға мәжбүр екен. Үшіншіден, жанармай мен материалдардың қымбаттауы. Электр энергиясын өндіру үшін көмір, газ және басқа да отын түрлері пайдаланылады. Олардың бағасының өсуі энергия өндіруші кәсіпорындардың шығындарын арттырады. Сонымен қатар, металл, жабдықтар мен жөндеу материалдарының қымбаттауы да қосымша шығындарға әкеледі. Бұл өзгерістер тарифтердің көтерілуіне себеп болып отыр.
Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ресми сайтында жарияланған мәліметтер бойынша 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ тасымалдау қызметінің тарифі 1,78%-ға өсіп, 1 кВт/сағ үшін 5,52 теңгеден 5,62 теңгеге дейін артқан. Бұл өзгеріс облыстағы үш негізгі электрмен жабдықтаушы ұйымның тарифтеріне де әсер еткен еді.
«Дәулетэнерго» ЖШС үшін тариф:
• Орташа босату тарифі: 20,33 теңгеден 20,72 теңгеге дейін (0,39 теңгеге немесе 2,4%-ға өсті).
• Тұрғындар үшін: 18,80 теңгеден 19,16 теңгеге дейін (0,36 теңгеге өсті).
«Шиелі жарығы» ЖШС үшін тариф:
• Орташа босату тарифі: 18,46 теңгеден 18,91 теңгеге дейін (0,45 теңгеге немесе 2,4%-ға өсті).
• Тұрғындар үшін: 17,40 теңгеден 17,83 теңгеге дейін (0,43 теңгеге өсті).
«Энергосервис» ЕЖШС үшін тариф:
• Орташа босату тарифі: 18,47 теңгеден 18,88 теңгеге дейін (0,41 теңгеге немесе 2,2%-ға өсті).
• Тұрғындар үшін: 16,33 теңгеден 16,70 теңгеге дейін (0,37 теңгеге өсті).
Қазіргі жағдай қандай? Бұны білу үшін сала басқармасына хабарластық. Нәтижесінде таңнан кешке дейін жауап күтіп, бір бейтаныс нөмірге қарық болдық. Саланың маманынан бірауыз сөз айтуды талап еткен едік. Жариялайық. Қайткенмен де, халыққа «қызмет» жасап отырғандар ғой. Олардың айтуынша, 2025 жылы тариф құны өзгіріссіз. Ұлғаймаған екен.
Түйін. Еліміздегі халықтың алқымынан алып, бағалардың күрт өсуінің ең негізгісі – түсініксіз себептермен бағаның үнемі шарықтауы. Шындығында, халыққа электр энергиясының жетіспеушілігі емес, оны басқарып отырғандардың тиімділігінің төмендігі ауыр тиеді. Қызылорда облысында тарифтер 2025 жылы өзгеріссіз қалатыны айтылса да, бұл уақытша тұрақтылық па, әлде… Бұл енді уақыт еншісінде…
Азамат АБИМОЛДА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!