Кейінгі жылдары электронды темекі, яғни вейп, темекі шегудің баламасы ретінде танымал бола бастады. Әсіресе, жастар арасында оның кеңінен таралуы алаңдаушылық туғызуда. Вейпті өндірушілер оны кәдімгі темекіге қарағанда зияны аз өнім ретінде жарнамалайды. Дегенмен бұл құрылғының денсаулыққа тигізетін әсері туралы пікірталастар әлі де жалғасып келеді. Сонымен электронды темекі қауіпсіз бе, әлде темекінің жаңа түрі ғана ма?

Электронды темекінің таралуының бірнеше себебі бар. Көпшілік оны кәдімгі темекіден зияны аз әрі құрамы темекіге қарағанда өкпеге аз әсер етеді деп ойлайды. Шынында вейптің алуан түрлі дәмі бар. Кәдімгі темекіде мұндай мүмкіндік жоқ болса, вейп пайдаланушылары жиде, шоколад, ваниль, қарбыз және басқа да хош иістерді таңдай алады. Міне, қазіргі жастардың басым бөлігі оның осындай тартымды иісіне қызығады. Оның үстіне көзге түсетін дизайндағы нұсқалары еліктірмей қоймайды.

Электронды темекінің зияны аз деп есептелгенімен, ол мүлдем қауіпсіз деуге болмайды. Біріншіден, оның құрамында никотин бар, ол адамды тәуелді етеді. Әсіресе жасөспірімдердің миы әлі толық дамып болмағандықтан, никотин олардың есте сақтау қабілетіне, көңіл-күйіне және оқу үлгеріміне кері әсер етуі мүмкін.

Екіншіден, зерттеулер көрсеткендей, вейп құрамындағы химиялық заттар өкпе ауруларына алып келуі мүмкін. Соңғы жылдары АҚШ-тағы дәрігерлер вейпті жиі қолданатын жастар арасында белгісіз өкпе ауруының тарағанын анықтады. Бұл жағдайды дәрігерлер зерттей келе, кейбір сұйықтықтардың құрамында зиянды қоспалар бар екенін анықтаған.

Үшіншіден, вейп психологиялық тұрғыдан да қауіпті. Көптеген адам оны темекіні тастау үшін пайдаланады, бірақ олардың түбі никотинге тәуелділіктен арыла алмайды. Керісінше, вейп шегу оларды темекіге қайта оралуға итермелеуі мүмкін.

Әлемнің көптеген елінде электронды темекіге шектеу қойылып жатыр. Мысалы, кейбір мемлекетте жасөспірімдерге оны сатуға тыйым салынған. Қазақстанда да бұл мәселе өзекті. 2023 жылы вейп өнімдерін сатуға және жарнамалауға қатысты қатаң шектеулер енгізілген болатын. Бұл шаралар жастардың электронды темекіге деген қызығушылығын азайтуға бағытталған.

Электронды темекі қазіргі заманның сәніне айналғанымен, оның денсаулыққа тигізетін зияны толық зерттелмеген. Никотинге тәуелділік, өкпе аурулары психологиялық әсерлер электронды темекінің тек кейбір кері әсерлері ғана. Сондықтан оны қолданар алдында адамдар оның салдарын толық түсініп, дұрыс таңдау жасауы қажет. Ең бастысы, темекі шегудің кез келген түрінен аулақ болу – денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы.

Нұрсұлтан БАЙНАШ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!