Қазақстанда соңғы бір жылда электросамокат жүргізушілері ұшыраған жол апаттарының саны айтарлықтай артты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz Ranking.kz мәліметіне сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғалары санының өсуі

Биыл қаңтар–тамызда автокөліктер электросамокат жүргізушілерін қағып кеткен 153 жағдай тіркелген. Бір жыл бұрын мұндай жағдай небәрі 64 болған, деп жазады Ranking.kz Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйеніп.

Сондай-ақ, самокат жүргізушілерінің өздері кінәлі деп танылған жағдайлар да ескеріледі.

Биылғы сегіз айда мұндай апаттардың саны 93-ке жеткен. Бұл 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.

ЖКО қайда көбірек болады

Жол апаттарының ең көбі мына қалаларда тіркелген:

  • Алматы – 79 жағдай;
  • Астана – 38 жағдай;
  • Шымкент – 11 жағдай.

Өңірлерде электросамокат қатысқан жол апаттары сирек кездеседі.

Жарақат алғандар саны

Жол апаттары санының артуымен қатар самокат қатысқан жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендер де көбейген.

«Биыл қаңтар–тамызда мұндай апаттарда 173 адам жарақаттанды, бұл бір жыл бұрынғыдан 2,5 есе көп. Олардың шамамен жартысы кәмелетке толмағандар. Қайғылы жағдайлар да тіркелген: 2024 жылы мұндай апаттарда төрт адам қаза тапса, биылғы сегіз айда бір адам қайтыс болды», – делінген хабарламада.

Апат себептері

Жол апаттары көп жағдайда маневр жасау ережелерін бұзу салдарынан болады.

«Электрсамокат жүргізушісінің кінәсінен болған әр төртінші апат дәл осындай қауіпті әрекетке байланысты болады», – деп көрсетілген хабарламада.

Биыл мұндай 26 жағдай тіркелді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда бес есе көп. Сондай-ақ самокат жүргізушілері жиі жол бермейді (14 жағдай) немесе жылдамдықты асырады (10 жағдай).

Бұдан бөлек, самокатшылардың кінәсінен болған ең көп тараған апат түрі – жаяу жүргіншіні қағып кету. 2025 жылдың сегіз айында мұндай 29 жағдай тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп.

Екінші орында – бетпе-бет соқтығыстар (23 апат, өсім төрт есеге жуық).

Айта кетейік, бұл статистика тек адамдар зардап шеккен немесе көлік бүлінген апаттарды қамтиды. Ал шын мәнінде электросамокат жүргізушілерінің ЖҚЕ бұзушылықтары бұдан әлдеқайда көп. ІІМ мәліметінше, биылғы жылдың басынан 12 қыркүйекке дейін тек Алматыда шамамен 17,4 мың электросамокат қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!