Фото: pixabay
Қазір елімізде қанты көп сусындарды тұтынудың салдарынан қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамыры секілді аурулар көбейіп барады. Мәселен, тек қант диабетіне шалдыққандардың саны соңғы 5 жылда 31%-ға өсіп, 400 мыңға жуықтады. Егер бұлай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай науқас саны 1 млн-нан асады деп болжап отыр мамандар.
Тәтті, газдалған, энергетикалық сусындар, шырындар мен салқындатылған тәтті шайларды көп тұтынудың салдарынан балалар арасында тіс ауруы, семіздік белең алуда. Елдегі 6 млн баланың 3,2%-ы семіздікке шалдыққан. Халықтың 20%-ы артық салмақпен күресіп әлек. Соңғы 5 жылда жүрек-қан тамырлары аурулары 16%-ға өскен. Денсаулық сақтау министрлігі салықты көбейтіп, қолжетімді тауарды қымбаттатқанда ғана тұтыну азаяды деген үмітте.
Қазір көшеге шықсаңыз, екінің бірінің қолынан кока-кола немесе газдалған сусын көресіз. Олардың жарнамалары да самсап тұр, алайда ағзаға тигізер зиянына көпшілік мән бермейді.
Газдалған сусындардың көбінің құрамында калория бар. Калориясы, соның ішінде қант құрамы жоғары тағам және сусын өнімдері салмақтың артуына, семіздікке ұшыратады.
Коланың бір құтысы жарты келі салмақ қосуға сеп. Яғни газдалған сусындарды жиі тұтынуға семіздікке әкеп соғады. Екіншіден, мұндай сусын тістеріңізді құртады.
Бұл сусындар адамды алкоголь мен есірткі секілді өзіне тәуелді етеді. Тіпті бұл ғылыми түрде дәлелденген. Оның құрамында кофеин, эфедрин, адреналин мен никотин қышқылы, басқа да синтетикалық қоспалар асқазанда жара пайда болуына, жүрек-қан тамырларының тарылып, жүйкенің жансыздануына, бүйрек жұмысының бұзылып, мидың әлсіреуіне әкеліп соғады екен.
Сондықтан мұндай сусындарды аяғы ауыр келіншектерге, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды. Тіпті оны жастардың өзі көп ішсе, арты белсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ұрпақ болашағын, ұлт келешегін ойласақ, мұндай сусындарды мейілінше аз көлемде пайдаланған жөн.
Ақерке КЕНЖЕБЕК
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!