Белгілі этнограф Тұрар Саттарқызы Massaget.tv арнасына берген сұхбатында қазіргі қоғамда өзгеріске ұшыраған салт-дәстүрлер мен ене мен келін қарым-қатынасының табиғаты туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Қазір ене мен келін тақырыбын «құбыжық» етіп жібердік. Ешқандай ана баласына жаманшылық жасамайды», – деді этнограф.
Оның айтуынша, бір шаңырақ астында ата-ене мен келіннің тұруы – тұрмыстық қажеттіліктен туатын жағдай. Бұл кейде жас келінді үйретіп, кейін бөлек шығару үшін де жасалады. Бұрынғы ата-бабаларымыз қызға қалың мал беріп, енші бөліп, жеке отау тігіп шығаратын. Сондықтан баспана мәселесі болмаған, жастар жеке тұрған.
«Бүгінде баспана мәселесі өзекті. Бұрын енші беріп, бөлек шығарған. Қазір жастардың көпшілігі ата-енемен бірге тұруға мәжбүр. Бұл – қателік емес», – дейді ол.
«Құрсақ шашуды» гендер пати алмастырды
Тұрар Саттарқызы қазақы салттардағы әйелдер арасындағы қарым-қатынастың рөлін айта келе, бүгінде ұмыт болып бара жатқан құрсақ шашу дәстүрін мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл дәстүр жылы сөз, ым, тұспал арқылы жас келіннің жағдайын жеткізуге негізделген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырған.
«Қазақта «құрсақ шашу» деген ерекше дәстүр болған. Өкінішке қарай, оның орнын бүгінде гендер пати басып кетті. Ал шын мәнінде, осы “құрсақ шашу” салты арқылы қазақ келіндері мен енелерінің арасында бүгінгідей түсініспеушілік болмағанын байқауға болады», – дейді этнограф Тұрар Саттарқызы.
Оның айтуынша, бұрын келіннің аяғы ауыр екенін алдымен абысыны байқаған. Содан соң ол енесіне сүйінші сұрап «кіші абысынымның ақ көрері бар сияқты, бата қабыл болған сияқты» деп тұспалдап жеткізген.
«Енесі бұл жаңалыққа риза болып, басындағы ақ жаулығын шешіп, киіз үйдің оң жағына байлаған. Бұл арқылы «үйіміздің алдынан атпен қатты шауып өтпеңдер, келініме, іштегі сәбиге зиян тимесін» деген ырым білдірілген.Содан кейін көрші-қолаң, абысын-ажындар жиналып, құрсақ шашу жасаған. Әр әйел келінге арнайы тағам әзірлеп әкелген – жерік асын анықтау үшін. Егер келін бір тағамды ұнатып, соған жерік болса, сол әйел жерігі басылғанға дейін дәл сол тағамды қайталап әзірлеп әкеліп отырған. Тіпті «қасқырдың жүрегіне», «ұлардың етіне» жерік болыпты» деген әңгімелер кездеседі. Ондайда қайындары жерік асын тауып әкелуге тырысқан. Осының өзі – ене мен келін арасындағы жылы қатынастың көрінісі. Біз мұндай дәстүрлерді ұмытпай, қайта жаңғыртуымыз керек. Ұл баланың бір жағында – анасы, екінші жағында – сүйген жары тұрады. Қайын ене келінінен бәсекелес болмауы тиіс», – дейді этнограф.
Бүгінде бұл дәстүрдің орнын шоу сипатындағы гендер пати басқан. Бірақ этнографтың пайымынша, гендер пати салт емес – шоу, ал құрсақ шашу – байланыс, мейірім, ишара мен аналық тәжірибе.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!