Төтенше жағдайлар кезінде халықты қауіпсіз аймаққа уақытылы көшіру және уақытша орналастыру – төтенше жағдайлар саласының басты міндеттерінің бірі. Осы міндетті тиімді орындау мақсатында облыста арнайы эвакуациялық қабылдау және жинақтау пункттері жасақталған.
Бүгінде облыс аумағында жалпы сыйымдылығы 130 437 адамды құрайтын 151 эвакуациялық пункт бар. Пункттердің инфрақұрылымы, материалдық-техникалық базасы және жұмыс алгоритмдері толық пысықталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров баяндады.
– Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар барлық эвакуациялық пункттерді генераторлармен, төсек-орындармен, кереуеттермен, жиналмалы кереуеттермен және басқа да қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етті. Эвакуациялық пункттерді зардап шеккендерді қабылдауға дайындау мәселесі облыстық эвакуациялық комиссия мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырыстарында қаралып, туындайтын проблемалық бағыттарды шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді ол.
Халық үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында эвакуациялық пункттер туралы мәліметтер мен оларға баратын ең қысқа жолдар «Яндекс.Карты», «2GIS» және «SmartQyzylorda» платформаларында орналастырылған. Сонымен қатар су басу қаупі бар аймақтарда 53 эвакуациялық жинақтау пункті және 36 эвакуациялық қабылдау пункті белгіленген. Жалпы облыс аумағында 31 елді мекен, 83 668 тұрғын және 16 527 үй су басу қаупі бар аймақтарына кіреді.
– Департамент пен оның аумақтық бөлімшелері қысқы кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға толық дайын, – деп атап өтті Бекболат Қайырбекұлы.
Сейсмикалық жағдай да назардан тыс қалмай отыр. Облыстағы 9 елді мекен 6-8 балдық сейсмикалық аймаққа жатады. Оның ішінде 7 елді мекен тау бөктерінде, ал 2 елді мекен көмірсутек шикізатын өндірумен байланысты ерекшеліктеріне қарай тізімге енгізілген. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдай орын алған жағдайда 102273 зардап шеккен адамды қабылдауға арналған шатырлы қалашықтар ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдар жалпы ауданы 15 гектар болатын 14 жер учаскесін бекіткен.
Қысқы кезеңдегі жол қауіпсіздігі де өзекті мәселенің бірі болып отыр. Қыста автокөліктердің жолда қауіпсіз және үзіліссіз қозғалуын қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар автожолдардағы жылыту пункттері өндірістік базалардың жөндеу жұмыстары аяқталған соң толық дайындалған.
– Облыс аумағында 12 жылыту пункті жұмыс істейді: оның ішінде «Қызылорда–Жезқазған» автожолында 1 жылыту пункті, «Қарабұтақ–Қызылорда–Шымкент» автожолында 3 трассалық медициналық-құтқару жылыту пункті және 8 жалпы жылыту пункті бар, – деді облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ғафур Ақмырзаев.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға эвакуациялық жүйенің барлық элементі толық дайын екенін және апатты жағдай туындаған жағдайда халық қауіпсіз орындарға тез әрі тиімді орналастырылады деп сендіреді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!