Қала төңірегіндегі мәселенің бірі – кәріз суы. Атап айтсақ, орталықтандырылмаған жеке үйлердің кәріз суын тасымалдаумен айналысатын ассенизатор көліктері бейберекетсіздік танытуда. Нәжіс суын қалтарысқа төгіп кете беретін ассенизаторлар саны көбеймесе азаймай тұр. Ал ешқандай рұқсаты жоқ көлік иелерімен күресуге экологтар қауқарсыз. Арнайы орынға бармай-ақ, арам суды қала ішіне шашатын ассенизаторларды қалай тоқтатуға болады? Тақырыпты тарқатып көрсек.
Қалалық полиция басқармасының мәліметінше жыл басынан бері 72 ассенизаторға әкімшілік хаттама толтырылған яғни айыппұл салынған.
Қала тұрғыны Үміт Есендікова заңсыз кәсіппен айналысып жүргендермен күресіп әлек болған. Тіпті кейбірі құлақ аспақ түгілі, балағат сөз айтатын көрінеді.
– Шұғыла шағын ауданында кәріз суын бейберекет төгетіндерді күнде кезіктіресіз.Барлық құзырлы органдарға бардық. Әлеуметтік желі арқылы да жанайқайымызды жеткізіп жатырмыз. Бірақ құлақ асатын біреуі табылмай тұр. Нәтиже болмаған соң кімге шағым айтарымызды білмейміз. Әсіресе 547 СМА 11 нөмірлі ассенизатормен әлекпіз. Күніне бірнеше мәрте төгіп кетеді. Шұғыла мөлтек ауданынан өтсеңіз, сасық су қолқаны қабады. Келеңсіздіктер тыйылмаса, мұның соңы ауруға соқтырады. Тазалыққа құштар жаңа әкімнен үміт күтеміз, – дейді қала тұрғыны.
Дәл осы нөмірлі ассенизаторға тек Үміт Есендікова ғана шағымданып жатқан жоқ. Facebook және инстаграмдағы kritikakyzylorda парақшасында бірнеше тұрғын өз уәжін білдірген. Соның бірсыпырасына көз жүгіртсек.
Әліби Қаппарұлы: «Осы Камаз ерке болды-ау әбден. Қанша уақыт болды айтып, көрсетіп жазып жүргендеріне. Айына 2-3 рет фейсбук парақшасына шығып тұрады. Бұған бір тоқтау салатын уақыт болды ғой» деген пікір қалдырған. Ержігіт Пернебаев есімді желі қолданушысы «Құзырлы мекемелердің бұл көліктерге әлі келмейді. Оның дәлелі қалада оңды солды септик суын төгіп жүргендігі. «Назарға алынды, қосымша жауап беріледі, хаттама толтырып сотқа жолданды» деген жаттанды жауапқа үйреніп те қалдық» деген ойын жазған.
Бұл – бір ғана көлікке бағытталған әңгіме. Мұндай заңсыздыққа жол берген қаншама техника септиктегі суды қала орталығынан әрі төге алмай жүр. Аталған мәселе бойынша «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне хабарластық. Бұл мәселенің бар екенін мекеме қызметкерлері растап отыр.
– Көп жағдайда жеке кәсіпкерлер заңсыз жолмен жұмыс істейді. Жалпы ассенизатор көліктері үшін арнайы белгіленген орын бар. Титов ықшам ауданына қарасты, яғни шыны зауытының жанында кәріз суын төгетін орын дайындалған. Кәріз суын тасымалдайтын жеке көлік иелері «Қызылорда су жүйесіне» келіп, нәжіс суын сонда төгу үшін келісім-шарт жасайды. Көліктің сыйымдылығына байланысты қаражаты белгілі болады. Сонымен қатар қазір тек қала орталығында емес, Тасбөгет кентінде де аталған мәселе кеңінен жайылған. Тасбөгет пен Титов аралығын жалғайтын қысымды коллектор арқылы биологиялық тазарту станциясына төгілу жолын қарастырудамыз. Жобаның сметалық құжаты «Мұнай газ инженеринг» мекемесі арқылы дайындалды. Жоба 2,8 млрд теңгені құрап отыр, – дейді жауапты мекеме мамандары.
Иә, бұл жоба іске асар болса тұрғындардың базынасы басылар еді. Дегенмен аталған жоба әліде эксперттердің құзырынан өтпеген, яғни екі аралықты жалғайтын жоба нақтыланбай тұр…
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!