Әлемдік еңбек нарығының қарқынды өзгеруі мен цифрландыру үрдістері бүгінгі таңда кәсіби біліктіліктің маңызын арттырып отыр. Расымен еңбек процесіндегі өзгерістер көптеген салада кәсіби дағдыларды жаңартуды қажет етеді. Осы орайда, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің маңызы да артып келеді.
Еңбек нарығының сұранысына сай кәсіби және техникалық мамандықтар жастар үшін тұрақты әрі табысты мансап құрудың негізі болып отыр. Заманауи кәсіптік білім беру бағдарламалары мен дуалды оқыту жүйесі арқылы студенттер теория мен практиканы ұштастырып, жұмысқа бейімделуге мүмкіндік алады. Бұл саладағы мамандар тек білікті емес, сонымен қатар шығармашылық көзқарас пен жаңа технологияларды енгізу қабілетіне ие болуы тиіс.
Бұл тұрғыда Қызылорда облысының білім беру саласы да үнемі жаңашылдыққа бет бұрып, кәсіби мамандар даярлау ісінде маңызды қадам жасап келеді. Міне, осы мәселелерді талқылау мақсатында жақында Қызылорда облысының білім басқармасы және Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі «Кәсіптік-техникалық мамандықтар: еңбек нарығының сұранысы мен болашағы» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырды.
Маңызды жиынның ашылу салтанатына дейін колледждегі заманауи материалдық-техникалық база, оқу-өндірістік шеберханалар, робототехника зертханасы, электрмен қамтамасыз ету, агротехника, автокөлік жөндеу, ветеринария, құрылыс және бағдарламалау бағытындағы арнайы кабинеттер таныстырылды.

Іс-шараға облыстық білім басқармасының өкілдері, жұмыс берушілер, әлеуметтік серіктестер, ТжКБ ұйымдарының басшылары мен сала мамандары қатысты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Бекжан Есенбаев, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық, Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Жүнісов, «Қызылорда жылу орталығы» МКК өкілі Нұрлан Байкен және Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің директоры Маржан Бисенова баяндама оқып, сөз сөйледі.
− 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторы – еңбек нарығының сұранысына сай кәсіби және техникалық мамандарды даярлау.
Колледждің басты мақсаты – заманауи технологияларды меңгерген, кәсіби құзыреттілігі жоғары мамандарды даярлау. Біз жаңартылған білім беру бағдарламаларын енгізіп, дуалды оқыту арқылы студенттердің теория мен практика байланысын күшейтеміз. Заманауи шеберханалар мен зертханалар білім сапасын арттыруға бағытталған.
Студенттердің 60%-дан астамы өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр, түлектердің 80%-дан астамы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар студенттер «World Skills» чемпионаттарына қатысып, халықаралық деңгейдегі құзыреттілікті көрсетуде, − деді колледж директоры Маржан Қылышбайқызы.
Семинар барысында «Болашақ маманның бір күні» атты Workshop Vision ұйымдастырылды. Қатысушылар пікір алмасып, ұсыныс айтты. Сондай-ақ «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және «Қызылорда нан» ЖШС мекемелерімен меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі 2004 жылдан бері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, кәсіби-техникалық мамандар даярлауда жетекші оқу орны ретінде танымал.
Аружан СЕРІКОВА,
Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің баспасөз хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!