Трендтегі мамандықтардың түрленуі мен қалау-арман түлектердің таңдауын сан тарауға салып отыр. Осындай сәтте жас буынға бағыт-бағдар беру – үлкен жауапкершілік. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің қызметкері арнайы шақыртумен С.Толыбеков атындағы №3 ақпараттық технологиялар мектеп-лицейіне “Таңдау уақыты” атты кәсіби кездесуге барды.

Өз саласының үздіктері 10-11 сынып оқушыларына мамандық таңдаудың маңызын түсіндіріп, қажетті кеңес берді. Мекеменің жеке құраммен жұмыс жөніндегі аға инспекторы әділет капитаны Динара Шахи Қылмыстық-атқару жүйесінің қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі жөнінде әңгімелеп, қызметтің күрделі де құрметті миссиясына тоқталып, әрбір қызметкердің ел тыныштығы мен заң үстемдігін сақтаудағы еңбегі туралы мысалдар келтірді. Сондай-ақ, салмақты салаға бет бұрғысы келетін жас буын болса, қатарға қосып, қуанышпен қарсы алатындарын жеткізді.

Жылы жүздесу барысында мектеп мұғалімі де сұранысқа ие мамандықтарды атап өтіп, дайындаған мәліметін ұсынды. Тіпті арнайы келген қонақтар мен оқушылар “Қызық екен” ойынына кезек беріп, жасырылған ұяшықтағы сұрақты таңдап, жауабын бірге іздеді. Бұл көңілді сергіткен сәт болды.

Сонымен қатар, оқушылар да өз ойың бүгіп қалмай, сала мамандарына түрлі сұрақ қойып, еркін пікір алмасты. Мұның өзі жастардың беталысы жаман емес екенін байқатты.

Кәсіби кездесу түлектердің болашақты бағамдауына септігін тигізді деп сенеміз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!