Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің магистранты Жұлдыз Абушееваның Тасбөгет орталығындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында информатика пәнінен сабақ беруде. Жас маман оқушыларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, жаңа жобаны ойлап тапты.
− Оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге қызығушылығын арттыру мақсатында жарыс түрінде жүргізілетін жаңа жобаны қолға алғым келді. Қазіргі таңда «Мектептегі жаңартылған білім беру мазмұны бойынша информатика пәнінен цифрлық білім беру ресурстарын қолдану арқылы интерактивті тапсырмалар әзірлеу әдістемесі» тақырыбында диссертация жазып жатырмын. Осы еңбектің негізінде қосымша дайындаймын деп шештім. Нәтижесінде мобильді қосымша дүниеге келді. Қосымшаның атауы «Biology Informatics Geography Mathematics Physics Chemistry» сөздерінің қысқартылған нұсқасы бойынша таңдалды, − дейді Жұлдыз.
«BigMPC» мобильді қосымшасында оқушылардың білім деңгейіне қарай дәреже беріледі. Тіпті, ол жерде Youtube желісіне салынған әр түрлі пәндік сабақтың да сілтемесі көрсетіліп тұрады.
− Мобильді қосымшаны жасау идеясы ұялы телефонға жазу арқылы білімді тексеруге арналған «Dauletten»-нің «Aqyl Battle» ойынынан туындады. Өйткені, оқушылар осы ойынға қатты қызығатын. Сол ойынның форматын кеңейтіп, мектеп оқушыларына лайықталған нұсқада дайындадым. Қосымшаға оқушылар почта немесе телефон нөмерін енгізу арқылы кіре алады. − дейді еңбекқор жас.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!