Санаға салмақ, жүрекке жүк түсіретін кейбір жайттан жан азып, тән тозып кетеді. Мұның алдын алып, ішкі күш пен күйді реттеу маңызды. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесіне жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының аға инспектор-психологі, әділет капитаны Моншақ Маханова келіп, мазмұнды кездесу өтті.
Қызметкерлер соңғы жылдары бастан өткерген өмірлік оқиғаларын ой-елегінен өткізді. Бұл арнайы сауалнама арқылы жүзеге асты. Келеңсіз жайттарды артта қалдырып, есесіне жетістікті тізбектеп, қуанышты сәттерін еске алғаны жігерленуге себеп.
Сонымен қатар, психолог қызметкерлерге арман-мақсаты мен қалауын қағазға бейнелеуді ұсынды. Олар ойындағысын сурет арқылы өрнектеп, жоспарын әдемі жеткізді. Қызметкерлер ашуланғанда эмоциясын қалай басқаратыны туралы да ойын ортаға салып, пайдалы кеңеске құлақ түрді.
– Уыста тұрмайтын уақыт бөгелуге мұрсат бермейді. Тынымсыз тіршілікте тырмысып еңбек ету керек екені белгілі. Сол себепті, қауырт жұмыспен өміріміздегі елеулі сәттерді екшеуді ұмыт қалдырамыз. Бүгінгі кездесу жан тыныштығын табуға, ішкі күйге үңілуге мүмкіндік берді. Әсіресе, сурет салу арқылы ойымды жинақтап, болашаққа құрған жоспарымды қайта жүйелеп алғандай болдым, – дейді мекеменің әділет сержанты Қыдыр Асан.
Көңілдегі күпті ойдан арылып, психологиялық ахуалды жақсарту қызметте де, өмірде де оң өзгеріске бастайтыны сөзсіз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!