фото: Нұрғали Жұмағазы

Орта салмақта WBO және IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12КО) кезекті жеңісінен кейін әлемдік рейтингіде жоғарылады, деп хабарлайды KAZINFORМ.

BoxRec порталындағы ақпаратқа сәйкес, Жәнібек рейтингіде бір саты жоғарылап, 857 ұпаймен орта салмақта екінші орынға жайғасты. Бұл салмақта кубалық америкалық боксшы Эрисланди Лара (31-3-3, 19КО) көш бастаса, англиялық боксшы кіші Крис Юбанк (34-3, 25КО) үздік үштікті түйіндеді.

Жәнібектің соңғы қарсыласы франциялық Анауэль Нгамиссинге (14-1, 9 КО) рейтингіде үш сатыға төмендеп, қазіргі уақытта 12-ші орыннан көрінді.

Айта кетерлігі, Жәнібек BoxRec порталының барлық салмақ категориясы бойынша әлем рейтингісінде 18-ші орынға жайғасты. Көш басында жапондық Наоя Иноуэ, америкалық Теренс Кроуфорд және ресейлік Дмитрий Бивол тұр.

Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы 5 сәуір күні Астанада өтіп жатқан «Battle of the Brave» бокс кешінің басты жекпе-жегінде франциялық қарсыласын 5-раундта нокаутпен жеңіп, чемпиондық белдіктерін сәтті қорғады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны жеңісімен құттықтады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!